Ел аумағында 58 млн тонна радиоактивті қалдық шашылып жатыр – Еділ Жаңбыршин

радиоактикті қалдық
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты,  палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин елдегі бақылаусыз жатқан радиоактивті қалдықтардың көлемі туралы мәлімет берді.

«Еліміз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында және оның қоры бойынша екінші орында. Мәселен, дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың деректері бойынша, Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 43 пайызын, ал 2022 жылы уран қоры әлемдік қордың 12 пайызын құрады. Еліміздің аумағында КСРО кезінде пайда болған радиациялық қауіпті нысандар бар. Ядролық сынақтардан 237 млн тоннадан астам радиоактивті қалдықтарды жинақтаған Семей полигонының аумағы туралы ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар радиоактивті қалдықтар «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-да, Үлбі металлургиялық зауытында, «МАЭК» ЖШС-інде, Степногорск тау-химия комбинатында және мұнай кәсіпорындарында шоғырланған. Жалпы көлемі өте көп. Әр түрлі цифрлар бар. Біздің мәліметіміз бойынша 58 млн тоннадай радиоактивті қалдықтар әр жерде шашылып жатыр. Осыған байланысты радиоактивті қалдықтарды тиімді басқарудың маңыздылығы сөзсіз», - деді ол Әділет министрлігінің заң жобалау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында.

Депутат радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз басқару бірінші кезекте мемлекеттің міндеті екенін еске салды.

«Мемлекет басшысы Қошқар ата қалдықтар қоймасын рекультивациялау туралы тапсырма берген болатын. Онда 101 млн тонна токсикалық қалдық, 52 млн тонна радиоактивті қалдық жатыр. Бұл әлемдегі ең үлкен қойма болып есептеледі – көлемі Ақтау қаласының ауданындай екі аумақты алып жатыр», - деді Еділ Жаңбыршин.

Соңғы жаңалықтар