Ел азаматтары бүгінге дейін қанша алтын құймасын сатып алды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк 2017 жылы өлшенген алтын құймаларды халыққа сату және қайтадан сатып алу бағдарламасын іске қосқан болатын. Kazinform агенттігі қазірге күнге дейін ел азаматтары қанша тонна алтын сатып алғанын анықтап көрді.

— 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сай, Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктер мен банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 6,8 тонна өлшенген құйма сатты, - делінген хабарламада.
Аффинирленген, яғни өлшенген алтын құймалар салмағына қарай бес түрге бөлінеді: 5 грамм, 10 грамм, 20 грамм, 50 грамм және 100 грамдық.
Құймалардың бәрінде бағалы металдың құрамы – 99,99%, соған сай сынамасы – 999,9.
Ұлттық банк өлшенген құймаларды екінші деңгейлі банктер (Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank пен Банк ЦентрКредит) және банкке жатпайтын кейбір айырбастау пунктері арқылы сатады. Сату және қайта сатып алу тәртібі банктер және айырбастау пункттерімен жасалған шарт арқылы реттеледі.
Еске салайық, Өзбекстанда алтын құймалар мен монеталардың құны рекордтық деңгейде қымбаттады.