Ел азаматтарының 94 пайызы емдеу мекемелерін өздерінің тұрғылықты жері бойынша таңдады

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында биылғы 9 айдың нәтижесі бойынша ел азаматтарының 94 пайызы емдеу мекемелерін өздерінің тұрғылықты жері бойынша таңдады.

Ел азаматтарының 94 пайызы емдеу мекемелерін өздерінің тұрғылықты жері бойынша таңдады

Бұл туралы бүгін Астанада аталған жүйені енгізу барысы жайында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің төрағасы Қанат Ермекбаев айтты.

«9 айдың нәтижесі бойынша ел азаматтарының 94 пайызы емдеу мекемелерін өздерінің тұрғылықты жері бойынша таңдады. Ал қалған 6 пайызға жуығы көршілес облыстардан ем қабылдаған»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір елді мекендер басқа облыстардың аумағына жақын орналасқан. Сондықтан олар емдеу мекемелерін басқа облыстардың аумағынан таңдап отыр. Сонымен қатар еліміздің кейбір азаматтары республикалық клиникаларда емделуге ниет білдірген. Қ. Ермекбаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтарының медициналық мекемені еркін таңдау құқығын іске асыру тұрғысында елімізде шілденің 1-інен бастап Жоспарлы емдеуге жатқызу порталы жұмыс істейді. Қазіргі кезде жоспарлы емдеуге жатқызу бюросына 396 мыңнан астам жолдама тіркелген, оның 35,1 пайызы ауыл тұрғындары болып табылады.

Айта кетейік, биылғы жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аясында Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауын іске асыруда. Бұл медициналық ұйымдардың арасында бәсекелестік ортаны құруға, медициналық мекемелердің сапалы және қолжетімді көмек көрсету қауқарын арттыруға және басқа да басымдықтарды іске асыруға негізделген.

Аталған комитет төрағасының пайымдауынша, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру белгіленген параметрлер аясында жүріп жатыр. Атап айтқанда, бұл жүйе бойынша жұртшылық тарапынан арыздар мен шағымдар түспеген. 9 айдың қорытындысы мен 4-ші тоқсанда бұл бағыт бойынша тұрақты жұмыстар атқарылуда.