Ел азаматтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді - Үкімет сағаты

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Ел азаматтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Ел азаматтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді  - Үкімет сағаты

«Былтыр елдегі инфляция 6 пайызды құрады. Бұл алдыңғы жылғы кезеңнен 1,4 пайызға төмен. Ел азаматтарының әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді. Былтыр халықтың нақты ақшалай табысы 6,8 пайызға өсті, нақты жалақы 6,9 пайызға жоғарылады. Еңбек нарығындағы ахуал тұрақтанған. Жұмыссыздық деңгейі өткен жылғы желтоқсанда 5,3 пайыз деңгейінде болды, дейді Ерболат Досаев. Дегенмен, әлемдік экономикадағы жағдайға жүргізілген талдау бірқатар проблемалардың еңсерілуіне қарамастан, кез келген уақытта нашарлауы мүмкін тәуекелдердің сақталып отырғанын көрсеткен.

«Қазіргі уақытта әлемдік экономиканың даму үрдісін айқындайтын басты фактор - Еуроаймақтағы дағдарыс, АҚШ тағы фискалды проблемалар және Қытай өсімінің баяулауы болып отыр», - дейді министр.