Ел азаматтарының орташа айлық жалақысы 1 жылда 17,5 пайызға өсті - Статистика
Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
«Салалық құрылымда ең жоғары жалақы бұрынғыдай кен өндіру өнеркәсібі және карьерлер қазуда 214,6 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есеге асады), қаржы және сақтандыру қызметінде - 201,0 мың теңге (2,1 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте - 196,5 мың теңге (2,0 есе) көлемінде сақталуда. Ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығындағы қызметкерлердің еншісінде 40,2 мың теңгені құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштен орта есеппен 58,6 пайызға аз», - делінген ведомство ақпаратында.
Агенттіктің атап өтуінше, өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында 194,4 мың теңге көлемінде болып отыр. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2,0 есеге артық. Ал осы көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында 59,7 мың теңгені құрайды және республикалық орташа деңгейден 38,6 пайызға төмен.