Ел бірлігі Доктринасы жобасын талқылауға барша қоғамды жұмылдыру басым міндеттердің бірі - М. Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ел бірлігі Доктринасы жобасын талқылауға барша қоғамды жұмылдыру басым міндеттердің бірі. Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ведомстваның алқа мәжілісі барысында осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік жұмысының басты бағыты болып қала беретін мәселе - жақында ғана Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленіп, жарияланған Қазақстанның ел бірлігі Доктринасы жобасы. Аталған Доктрина жобасы қоғамда қызу талқылану үстінде. Сондықтан да, ақпарат саласы қызметкерлерінің басты назары осы мәселеде тұруы керек», деді М. Құл-Мұхаммед. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысымен тікелей желі сұхбатына жолданған сауалдардың біршама бөлігінде қазақстандықтар ішкі саясатқа қатысты мәселе көтерген. Сондықтан да, министр ішкі саясат саласында аталған Доктрина жобасын талқылауға қоғамның мейлінше атсалысуын қамтамасыз етуді басым бағыттардың қатарына жатқызып отыр. «Елбасы айтып өткеніндей, бұл жұмысқа барлық азаматтық сектордың зияткерлік ресурсы, мәдени және медиа-қауымдастығы атсалуы тиіс», деді М. Құл-Мұхаммед.