Ел болашағы сіз бен біздің таңдауымызға байланысты - Шәріпбек Жамалбеков
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Үндеуде мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлау 2019 жылдың 9 маусымында өтетінін айтты. Осыған байланысты Түркістан облыстық «Азаматтық альянс» төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбеков пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат Президенттің бұл бастамасын ел үшін маңызды қадам деп бағалап отыр.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауын өткізуге байланысты жариялаған үндеуіне қолдау білдіремін. Қазақстанды алда үлкен істер күтіп тұр. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін аянбай еңбек ету керек. Осы мақсаттарды іске асыру үшін алдымен мемлекет басшысын сайлап, алдағы бес жылда еліміздің саяси-экономикалық бағытын кім жүргізетінін айқындап алуымыз керек болып тұр. Өйткені, Қазақстанға бүгінгі таңда ең басты керегі - саяси-экономикалық тұрақтылық пен қоғамдық келісім және бейбітшілік», - дейді халық қалаулысы.
Шәріпбек Жамалбековтың сөзіне сенсек, биліктің ауысуы конституцияға сай жүзеге асырылды. Енді ата заң бойынша жаңа президент сайланады. Бұл ретте таңдауды жасайтын - халық.
«Сондықтан мұндай ауқымды да маңызды саяси шараға ел тұрғындары немқұрайлы қарамауы тиіс. Өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп, сайлауға қатысуы шарт деп білемін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде Қазақстанды демократиялы мемлекет, сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беретінін, кезектен тыс сайлау өткізуге Елбасы да, Премьер-министр де, Парламент те, Конституциялық кеңес те, саяси партия жетекшілері де қарсы еместігін атап өтті. Сондықтан еліміздің әрбір саналы азаматын алдағы сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өйткені ел болашағы сіз бен біздің таңдауымызға байланысты», - дейді облыстық «Азаматтық альянс» төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбеков.