«Ел болашағының бесігі» атты көрме елорданы көшіру туралы идеяның 20 жылдығына арналады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 шілдеде ҚР Тұңғыш Президенті музейінде астананы көшіру туралы идеяның 20 жылдығына және Қала күніне арналған «Ел болашағының бесігі» атты құжаттық көрменің ашылуы болады.

«Ел болашағының бесігі»  атты көрме елорданы көшіру туралы идеяның 20 жылдығына арналады

Көрме Музейдің серіктестік жобасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатымен бірлесіп ұйымдастырылады.

Осыдан 20 жыл бұрын, 6 шілдеде 1994 жылы Н.Ә. Назарбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің пленарлық мәжілісіндегі сөйлеген сөзінде, астананы көшіру туралы идеясын Парламент депутаттарының талқысына салған болатын.

Көрменің маңызды ерекшелігі, оның экспозициясы орналасқан ғимарат тәуелсіз Қазақстан астанасының тарихымен тікелей байланысты.

Нақ осы ҚР Тұңғыш Президенті музейінің ғимаратында, Астанадағы Мемлекет басшысының алғашқы резиденциясында 1997 жылдың 10 желтоқсанында, ҚР Үкіметі мен Парламент палатасының бірлескен салтанатты мәжілісінде Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып арнайы жарияланды.

Сол күні Резиденцияның Күмбезді залында (қазіргі - Музей) Президентіміз «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға ұлан-байтақ жердің кіндігінде өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғады, осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деген шынайы ықыластан туған сөзін жеткізді.

Осы жерде, Музейдің Алтын залында, алғаш рет қала құрылысының бас жоспары жайылған болатын, онда Болашақтың қаласы қандай болуы керек екендігі туралы шешім қабылданған еді. Барлығына белгілі, көптеген ғимараттар, қаланың ескерткіштері, суреттер секілді, сызбалар мен жобалар Президенттің қиялынан туындаған. Экспозицияға осылардың негізінде салынған ғимараттардың бірегей макеттері мен сызба нұсқалары қойылатын болады.

Көрмеге келушілер алғаш рет үлкен көлемде ұсынылып отырған, жиырма жыл ішіндегі баяндалған ұзақ жолдар туралы, мұрағаттық материалдар топтамасынан көре алады. ҚР Ұлттық мұрағатының бірегей құжаттық жинағы мен ҚР Тұңғыш Президентінің мұрағаттық жинағынан ұсынылған материалдар Астана тарихын баяндайтын жағымды өзгерістер кезеңін толықтай түсінуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Астана өркендеген Қазақстанның символына, ірі мәдени, экономикалық, рухани орталыққа айналған. Сондықтан да жас астанамыздың алғашқы қадамдарын еске түсіріп, ел болашағының бесігі - Астана тарихына қайта үңілудің маңызы ерекше, деп хабарлайды ҚР Тұңғыш Президенті музейінің баспасөз қызметі.