Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ел бойынша 1 333 сайлау учаскесі мүгедектігі бар адамдарға толық бейімделмеген

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі сайлау учаскелерінің 90%-дан астамы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді.

Ел бойынша 1 333 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жеткіліксіз
Фото: Еңбекмині

Еліміз бойынша 9 015 сайлау учаскесі қолжетімділік картасына енгізіліп, әр нысанның мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты ыңғайлы екеніне талдау жүргізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және сайлау комиссияларымен бірлесіп жүргізген мониторинг нәтижесінде 1 333 учаскеде қосымша бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.

Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскесінің қолжетімділігі тек кіреберістегі пандуспен шектелмейді. Маңыздысы — әр азаматтың учаскеге өздігінен, кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, дауыс беруге қажетті барлық құралдарды пайдалана алуы.

Азаматтардың қажеттілігіне қарай сайлау учаскелерінде мынадай жағдайлар қарастырылады:

— пандустар немесе көтергіш құрылғылар;

— көмек шақыруға арналған батырмалар;

— тактильді көрсеткіштер;

— ені белгіленген талаптарға сәйкес келетін есік ойықтары

— жеткілікті жарықтандыру;

— арнайы автотұрақ орындары;

— көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдар;

— Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар;

— ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі.

Елімізде сайлауға қатысу жасына жеткен 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың арасында тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған, сондай-ақ кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдар бар.

— Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметінің жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Мүгедектігі бар азаматтар сайлау учаскесіне бармас бұрын оның қолжетімділік деңгейі мен жасалған жағдайлар туралы ақпаратпен алдын ала таныса алады. Қажет болған жағдайда сайлаушыға өзі таңдаған адамның көмегін пайдалануға рұқсат етіледі. Ал денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар белгіленген тәртіппен өз үйінде дауыс бере алады, — делінген хабарламада.

Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Астана мен Шымкентте тіркелген. Алматы қаласында да көрсеткіш жоғары.

Қосымша бейімдеу шараларын жүргізу қажеттілігі ең алдымен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қажет.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері сайлау учаскелерінің дайындығын тексеріп жатыр. Бұл жұмыстар әкімдіктермен және сайлау комиссияларымен бірлесіп жүргізілуде. Анықталған кедергілерді жою бойынша да тиісті жұмыстар жалғасып келеді.

Бұдан бұрын Қазақстанда 31,6 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделгенін жаздық.