Ел бюджетіне 20 млрд. теңге салық төлемеген шетелдік компанияларға қатысты қылмыстық істер қозғалды ? Қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Атырау облысында нидерландылық «Аджип Қазақстан Норд Каспиан оперейтинг МВ» және американдық «Паркер дрилинг» компанияларына салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды»,
деп мәлімдеді бүгін Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Бұл туралы ол журналистермен болған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Олар күмәнді шарттар бойынша өздерінің шығыстарын арттыру арқылы бюджетке әр қайсысы 10 млрд. теңгеге жуық қаржы шығын келтіріп отыр. Тергеу мүддесі үшін Қаржы полициясы толық ақпарат жарияламауда.Аталмыш санаттағы қылмыстардың жолын тыю мақсатында 2008 жылдың қыркүйек айында Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі мен Салық комитеті бірлескен жоспар дайындаған болатын.«Соның негізінде жалған кәсіпорындардың контрагенттерінен 15 млрд. теңге салық қайта есептелініп алынды», дейді М.Жұманбай.