Ел чемпионатында «Астана» мен «Тобыл» командалары тең тарқасты

футбол
Фото: fca.astana/Instagram

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы «Хан-Тәңірі» стадионында футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші турында «Астана» Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. 

Өткен жылғы күміс жүлдегер «Астана» мен Қазақстан кубогінің иегері қостанайлықтар биыл да көштің алдыңғы қатарынан көрінуге мүдделі еді.

Бірінші таймда бұрыштамадан берілген доптан кейін 13-минутта «Тобылдан» Алиун Ндиайе есеп ашты.

Дегенмен 27-минутта Стас Покатиловпен жеке-дара шыққан Марин Томасов таразы басын теңестірді.

Бұл — М.Томасовтың «Астана» сапындағы 100-інші голы еді.

Екінші кезеңде Давид Энен 78-минутта «Тобылды» қайта алға шығарды.

Бірақ 93-минутта Станислав Басманов «Астанаға» бір ұпай әперді. 

Қорытынды есеп — 2:2.

Бес турдан кейін 8 ұпайы бар «Тобыл» көш басына жақындай түсті. Елордалықтар 7 ұпаймен 6-сатыда тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионатында «Қайратты» ұтқан «Ақтөбенің» көш басына шыққанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар