Ел чемпионатындағы қай клубтың легионерлері нашар
65 ойында ел чемпионатындағы клубтарымыздың шама-шарықтары анық байқалды. Өз құрамын деңгейі жоғары легионерлермен жасақтай алмаған командалар екшеліп, көш соңына түсіп қалды. Бұл туралы Астана футбол федерациясының сайтында хабарланды.
Легионерлер команданы алға сүйреу үшін қажет. Олардың деңгейі жергілікті футболшылардан мейілінше жоғары болуы тиіс. Сонда ғана команда жоғары жетістіктерге қол жеткізе алады. Ал шет елдерден қалап, таңдап әкелінген футболшылардың деңгейлері жергілікті ойыншылардан жоғары болмаса, тіпті төмендеу болса, онда мұндай команда "қайраңда" қалады.
Қазақстан премьер-лигасының бірінші айналымнан кейінгі кестесіне көз жүгіртсек, көш соңында «Ақтөбе» мен «Шахтер» тұр. Бұл екеуінің легионерлері өз футболшыларымыздан асып түсерліктей емес екен.
Сондай-ақ «Оқжетпестің» биылғы легионерлерінің басым көпшілігі сенім үдесінен шыға алар емес. Бұларға «Таразды» да қосуға болады. Мысалы, Қарағандының «Шахтерін» алайық. Бірінші айналымда 10 ойын өткізіп, 10 гол соқты. Соның біреуін ғана шетелдік футболшы соқты. Қалған тоғыз доп - өз футболшыларымыздың еншісінде. Осы ретте, кеншілер сапындағы легионерлер гол соғудан гөрі қорғанысқа көп көңіл бөлетін ойыншылар деген уәж айтылуы мүмкін. Иә, бірақ «Атыраудың» орталық қорғаушысы Юре Обшивач үш мәрте өте маңызды, ал «Ордабасының» орталық қорғаушысы Пабло Фонтанелло екі рет өте әдемі доп соқты. «Ертістің» екпінді қорғаушысы Стефан Живкович те, «Қайраттың» тас қамал қорғаушысы Жарко Маркович те екі голдан соғып, жағдайлары тығырыққа тірелгенде бәріне де үлгеріп, шабуылшыларына да көмектесіп жүр. Және мұндай мысалдар көп, деп жазады мақала авторы Нұрғазы Сасаев.