Ел даңқын асқақтата береміз - бокстан Азия чемпионатының жеңімпаздары

АММАН. ҚазАқпарат – Иорданияда өткен бокстан Азия чемпионатының қорытындысы бойынша ҚазАқпарат тілшісі жүлдегерлермен әңгімелесіп, олардың құрлықтық біріншілік туралы пікірін білді.

Ел даңқын асқақтата береміз - бокстан Азия чемпионатының жеңімпаздары

Асланбек Шымбергенов, Қазақстан ерлер құрамасының капитаны және 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі алтын медаль иегері:

- Жалпы, Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті, ақтық айқас оңай болмады. Мен жергілікті спортшымен күш сынасып, Аллаға шүкір, жеңдім. Финалда қарсыласым Зияд Ишайш болды. Ол әліге дейін көңілсіз, оны жұбатуға тырыстым. Бұған дейін біз Азия ойындарында рингіде кездескенбіз, ол кезде де оны жеңген едім.

Барлық жаттықтырушыларға, дәрігерлер мен массаж жасаушыларға, Бокс федерациясының президенті Кеңес Хамитұлына (Ракишев – авт.), Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтамын. Бүкіл Қазақстанға және жанкүйерлерге қолдаулары үшін рахмет, үміттеріңізді әлі де ақтаймыз.

Санжар Ташкенбай, 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иегері:

- Қазақстандықтарға сәлем, жанкүйерлерге осындай қолдау білдіргені үшін көп рахмет. Біз бүгін жеңіске жетіп, 6 алтын медаль алдық. Отбасыма және Қазақстанға, біздің федерацияға зор алғыс айтамын.

Менің қарсыласым оңайға түспеді, Жапония спортшысы. Оның жеңе алдым. Алдағы уақытта да ел туын желбіретемін деген үміттемін.

Махмұд Сабырхан, 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иегері:

- Бүгін Азия чемпионатында тағы бір «күміс» алдым. Осылай мықты бола түсеміз, алда әлі талай күшті жарыстар бар. Мақсатым – еліміз бен туымызды әрі қарай асқақтату.

Ақтық сында қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бірінші раундыда төреші қарсыласыма жеңіс берді. Бірақ, өз басым мұндай есеппен жеңілдім деп есептемеймін. Осыдан кейін екінші және үшінші раундыда 2:3 және 3:2 болды. Қазір неге екенін нақты айта алмай отыр. Үйге барған соң айқасты асықпай тағы қараймын. Үшінші раундыда жеңдім деп ойладым, себебі қарсыласым шаршап қалды. Бүйірден бірнеше соққы жіберіп алғанымды мойындаймын.

Сәкен Бибосынов, 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иегері:

- Ассалаумағалейкум, құрметті қазақстандықтар. Бүгінгі айқаста қарсыласыма есе жіберіп, екінші орын алдым. Жекпе-жек кезінде қателіктер жібергенімді мойындаймын, жаттықтырушылар қойған әдісті дұрыс қолдана алмадым. Бұл қателіктер болашақтағы айқастарға сабақ болады деп есептеймін, енді бұдан да күштірек бола түсемін.

Мәдениет және спорт министрлігіне, Бокс федерациясына және Кеңес Хамитұлына қолдаулары мен бізге жасаған барлық жағдайлары үшін алғыс айтамын. Біздің жігіттерге сәттілік тілеймін, біздің туымыз әрқашан өзгелерден биік тұрсын. Жанкүйерлер, сіздерге мың алғыс, біз әлі де жетістіктерімізбен қуантамыз.

Еске салсақ, кеше қазақстандық боксшылар құрлықтық доданы 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медальмен түйіндеді. Қазақстандық боксшылар құрлық біріншілігінде жалпы саны 21 медаль жеңіп алды, соның алтауы – алтын, жетеуі – күміс, сегізі – қола. Еліміздің ерлер құрамасы медальдар кестесінде 2-орынға ие болды.

Айта кетсек, Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Асланбек Шымбергенов (71 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) Азия чемпионы болды.

Ал, Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) күміс медальді қанағат тұтты.

Ел құрамасынан Самаәли Төлтаев (60 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі) қола жүлде алды.