Ел экономикасында нақты өсім байқалады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз саласы бойынша 4 айдың қорытындысын баяндады. Министрдің мәліметінше, экономиканың басым салаларында біршама өсім бар. Мәселен, қаңтар-сәуір айларында ІЖӨ өсімі 3,7%-ды құраған. «ІЖӨ оң динамикасы кен және өңдеу, құрылыс және қызмет көрсету саласының нақты өсімімен айқындалады. Кен өнеркәсібі салаларында көмір мен қоңыр тас көмір, мұнай, табиғи газ алу көрсеткіштерінде оң динамика сезілді. Негізгі өңдеу сегменттерінде де, атап айтқанда, мұнай өңдеуде, фармацевтикада, металл емес минерал өндірісінде, металлургиялық өнімдерде және машина жасауда жандану байқалады», деді Т.Сүлейменов.
Бұл ретте Премьер-Министр әзірге «оң көрсеткіш бар екен» деп арқаны кеңге салуға болмайтынын тағы бір еске салды. «Қорытындыдағы мәліметтер жалпы жаман емес, бірақ 4 айда болған жетістіктер бізді босаңсытпауы керек. Негізгі жұмыс екінші жартыжылдықта басталады. Сондықтан барлығымызға - орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Осы орайда, Инвестициялар және даму министрлігі өңдеуші өнеркәсіптегі қалыс қалып келе жатқан салалардағы жағдайды түзетуге көңіл аударуы тиіс», деді Үкімет басшысы.
Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе - ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Ол 2017 жылдың басынан қой шешегі, лейкоз, вирустық диарея мен эпизоотиялық лимфангит секілді аурулар бойынша эпизоотиялық жағдайларда тұрақтылық байқалатынын мәлімдеді. Қ. Айтуғановтың айтуынша, биыл мал ауруларының 36 пайызға төмендеу динамикасы байқалған. 2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мал ауруының жалпы 36 ошағы тіркелсе, биыл 23 болып отыр. «2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында ветеринарлық заңнаманы өзгерту жобасы әзірленуде», деді Қ. Айтуғанов.
Сондай-ақ ол 2017 жылы малдарға 17 аса қауіпті ауруларға қарсы 149,3 млн екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі таңда 37,5 млн екпе жұмыстары жүргізілген, бұл өткен жылдағы деңгеймен салыстырғанда 34%-ға жоғары көрсеткіш. 2017 жылы 70 млн диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған, бүгінде олардың 15 млн зерттеуі жүргізілген. Елімізде барлығы 2,6 млн-нан астам ІҚМ, 3,8 млн бас ҰҚМ, 150 мың шошқа, 18 мың жылқы және 31 мың түйеге диагностикалық зерттеулер жүргізілген.
Қ.Айтуғанов отандық мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару бойынша жұмыс жайын да баяндады. Ол арнайы әзірленген Экспорт бойынша жол карталары шеңберінде импорттаушы елдер - ҚХР, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт талаптарына сәйкес отандық регламенттер мен сертификаттарды үйлестіру бойынша шаралар қабылданғанын баяндады.
«2017 жылдың сәуірінде қытайлық сарапшылар ветеринарлық қызмет аудиті мен Қазақстан кәсіпорындарына тексеру жүргізді, оның негізінде Қытайға асыл тұқымды жылқылар мен омарта шаруашылығы өнімдерін экспорттауға рұқсат алынды. Жыл соңына дейін қытайлық нарыққа мұздатылған қой етін жеткізу бойынша талаптарды келісу жоспарланған. Сондай-ақ, салқындатылған қой етін экспорттау бойынша жұмыс жалғасуда», деді бірінші вице-министр.
Қ.Айтуғановтың мәліметінше, қазіргі таңда Иранға қой еті мен тірі қойларды экспорттауға ветеринарлық талаптарды келісу аяқталып қалды. БАӘ-мен ірі және ұсақ қара мал, тауық жұмыртқасын экспорттау үшін ветеринарлық сертификаттар келісілген. Сондай-ақ, ол бұған дейін Халықаралық эпизоотикалық бюро (ХЭБ) еліміздің 9 облысын, айталық, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай облыстарын аусыл бойынша қолайлы аумақ деп танығанын, ал қалған 5 облыс бойынша өткен аптада ХЭБ сарапшылары тексеру жүргізгенін жеткізді. Тексеру қорытындысы 2017 жылғы 25 мамырда ХЭБ Бас ассамблеясында қаралмақ.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы тыңдаған соң, Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп ветеринарлық алдын алу шараларын, соның ішінде екпе жұмыстары мен диагностика жасау шараларын уақтылы жүргізуді, ел өңірлерін қажетті ветеринарлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды.