«Ел келешегі кемелдене түседі»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 16 тамыз, сейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ел келешегі кемелдене түседі» атты мақала жарияланды. Мақалада Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің мұнайлы өңірге жасаған сапары туралы баяндалады. Басылымның жазуынша, Атырау - ел бюджетіне қомақты қаржы түсіретін ірі өнеркәсіпті аймақ. Мәселен, былтыр республикалық бюджетке 208 миллиард теңге аударылса, биылғы 6 айда 251,7 миллиард теңге салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер жиналды. «Бұл табыстарда аймақтың экономикалық әлеуетінің негізін құрап отырған мұнай және газ кешендерінің елеулі үлесі бар. Көмірсутек шикізатының мол қорына ие мемлекеттер ондығына кіретін Қазақстандағы мұнай және газ кеніштерінің 40 пайызы Атырау облысының үлесіне тиеді. Өткен жылы мұнайшылар мен газ өндірушілер 30 миллион тоннадан астам мұнай, 13,6 миллиард текше метрден астам газ, 2,8 триллион теңгеге жуық өнім өндірді»,-деді Қ.Мәми. Осы сапар барысында көтерілген мәселелер туралы кеңірек білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санын қараңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылымда саяси ғылымының докторы Әбдіжәлел Бәкірдің «Тәуелсіз сана» атты мақаласы жарық көрді. Онда ғалым тәуелсіз сананың қалыптасуы үшін қоғамдағы демократиялық факторлардың ерекше маңызы бар екенін айтады. «Бұл бағытта 20 жылда күрделі өзгерістер жүзеге асты. Дегенмен, тоталитарлық жүйеден демократиялық жүйеге өтуде төте жол жоқ екенін біздің тәжірибеміз де көрсетіп отыр. Бір жағынан жаңа саяси институттар жетіліп, нарықтық қоғамдық қатынастар өмірге етене еніп жатса, екінші жағынан кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босататын емес. Сондықтан да, заңдарымызды жетілдіре отырып, соған негізделген демократиялық кеңістікті кеңейте түскен ләзім. Негізгі заңымыздағы «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық» деп үлкен әріппен жазылған қағида біздердің күнделікті салт- дәстүрімізге айналғаны жөн»,-дейді Ә.Бәкір. Ғалымның тәуелсіздік, мемлекеттік тұрғысындағы ой-пікірлерімен «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санынан танысуға болады.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Еліміздің ұландары әлемді қайран қалдырып келеді» атты мақала басты. «Мамандардың айтуынша, өткен 20 жылда еліміздің дарынды жастары әлемдік деңгейде аса жоғары жетістіктерге жетіп, түрлі деңгейдегі іргелі сайыстардан 3430 медаль еншілепті. Біздің жастар математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінен өткізілген олимпиадаларда көш бастаған», - деп жазады басылым. Республика жастарының білім саласындағы жетістіктері жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Ақша да ауру тудырады» атты мақала жарияланды. Онда 21 елдің 156 банкнот түріне зертеу жасаған американ ғалымдары ақшаның да әртүрлі аурулар тудыратынын дәлелдеп отырғандығы жазылады. Оның ішінде тыныс алу жолдары, тері ауруларымен бірге ең қауіпті қатерлі ісік түрлері де бар. Бұған себеп - ақша жасауды әлем елдерінің бәрі бірдей бисфенол А концентрантын пайдаланды екен. Оның мөлшері қалыптан сәл артса, денсаулыққа қауіп төндіреді. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санында.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, «Орыстілді басылымдар министрлікке қысым жасап жатыр». Осындай тақырыппен басылған мақалада БАҚ пен ғаламтор беттеріндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты қызу пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Әсіресе, орыстілді баспасөз құралдары бір кісідей бірлік танытып, қоғамдық комиссия қолындағы бұл заң жобасына белсенді қарсылық көрсетуде. Бұл мәселе жөнінде толығырақ білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санын қараңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Жылқы етіне сұраныс төмендеп тұр» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, «Электронды сауда орталығы» мамандарының мәліметінше, биылғы жылы Қазақстан нарығында жылқы етіне деген сұраныс төмендеген. Республика халқының басым бөлігі қазір
сиыр етін тұтына бастаған. Жалпы, бұл мәліметтерге сүйенсек, www.goszakup.gov.kz веб-порталының деректері бойынша, 2011 жылы Қазақстанда ет пен ет өнімдеріне жасалған мемлекеттік тапсырыс көлемі 26,3 миллиард теңгені құраған. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан толығырақ білуге болады.
***
«Казахстансая правда» басылымының жазуынша, халық қалауымен дүниеге келген Қазақстан Конституциясы тәуелсіздік жылдарында қоғам мен мемлекеттік құрылыстың және қоғам дамуының негізін қалай отырып, өзінің зор әлеуетін көрсетті. Тап осы әлеует республикамыздың экономикалық жағынан сәтті дамыған елге айналып, аймақтағы көшбасшылардың біріне айналып, халықаралық құрметті әріптестердің бірі болуға мүмкіндік жасады. Ата заңымыздың ертеңі мен бүгіні және оның әлеуетіне қатысты мақаланы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Закон-законов» атты мақаладан білуге болады.