Ел құрамасы семсерлесуден Швейцарияда өткен әлем кубогының кезеңінде үздік ондыққа енді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден Бернде (Швейцария) өткен әлем кубогының кезеңінде ширек финалға дейін жетті.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, командалық жарыста медаль үшін Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Руслан Құрбанов күресті.
1/16 финалда біздің семсерлесушілер Данияны 31:30 есебімен жеңді. Келесі кезеңде Қазақстан құрамасы Украинаны 33:32 есебімен тізе бүктірді.
Ширек финалда қазақстандық спортшылар Венгрияға 36:45 есебімен есе жіберді. Содан соң 5-8 орындар үшін өткен кездесуде Қазақстан Швейцариядан 42:45 есебімен жеңілді. Жетінші орын үшін Нидерланд құрамасымен болған сайыста қазақстандықтар 45:40 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем кубогының кезеңінде жалпыкомандалық есеп бойынша 7-орынға ие болды.