Эльмира Суханбердиева: Ұстаздық еткен заман көшінен қалмай, қашанда бір қадам алда болуы қажет

- Эльмира Амангелдіқызы, біріншіден, Сізді және Астананың барлық ұстаздар қауымын Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтауға рұқсат етіңіз. Дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызда жемісті болуларыңызды тілейміз.
- Рахмет! Бүгін елордалық балаларда үлкен мереке - қалада жаңадан бес мектеп ашылып жатыр. Елбасының айтуынша, бүгінде инновациялық білім беру басты назарда болуы тиіс. Жаңа формациядағы адамды тәрбиелеп шығару үшін қазіргі мектептердің базасын жаңарту қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы білім беру стратегиясының бағытын айқындап берді: оқу үдерісінде заманауи тәсілдер қолданатын жаңа мектептер салу мәселесі шешілуі керек.
Мемлекет басшысының барлығына тең құқық беру туралы тапсырмасын орындау мақсатында елорда мектептерінде мүмкіндіктері өзгеше балаларға білім алуға жағдай жасалып отыр. Барлық ата-аналар мен оқушылар атынан Елбасыға жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде үнемі қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдіргіміз келеді.
- Жаңа оқу жылы қарсаңында Астанада дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Оның жалпы білім беру саласының даму бағытын айқындайтын айрықша мәнге ие екені белгілі. Үлкен педагогикалық жиында сөз сөйлеген елорда әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын санамалап берді. Сондай-ақ ол Астананың Білім басқармасына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Осыған орай бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, нақты жоспарлар бар ма?
- Шын мәнінде, тамыз кеңесі - елорданың мұғалімдері үшін маңызды оқиға. Осындай іс-шаралар кезінде білім беру саласының қызметкерлері үшін бағыт-бағдар көрсетіледі. Біз жұмысымызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарабаевтың «Қазақстан - 2050 Стратегиясы» Жолдауын басшылыққа аламыз. Бұл құжатта барлығы қадам-қадаммен нақты жазылған. Біздің міндетіміз - әр қадамды бұлжытпай орындау.
Президент айтып көрсеткен мәселелерге қатысты қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде барлық ұстаздар үшін компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру курстарын ұйымдастыру, ал жыл соңында компьютермен және ғаламтормен жұмыс істеу білімдерін тексеру үшін аттестация өткізу жөнінде тапсырма жүктелді.
Сонымен қатар шаһар басшысы тәжірибе негізінде бірқатар мектептерде «Психология» пәнін енгізу туралы жоспарды әзірлеп бекітуді тапсырды. Біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру курстарын ұйымдастыру алаңдары әзірленуде. Бұдан бөлек семинарлар мен тренингтер өткізілетін болады. Бұл үлкен жұмыс, нәтижесі де көп күттірмесі анық.
Естеріңізде болса, тамыз кеңестерінің бірінде мектеп оқушыларының эссе жазуы мәселесі көтерілген еді. Бұл бүкіләлемдік тәжірибе. Осы мәселе төңірегінде көп жұмыс атқарылды. Басқа жолы мектеп сайттарын ашу мәселесі қозғалды. Міне бәрі енді осы үдеріске жұмыла кірісіп кетті.
Бүгінде біз жаһандық ақпараттандыру дәуірінде Ғаламторда жұмыс істей білу қажеттігі турасында айтып отырмыз. Мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары бір ырғақта өмір сүргенін қалаймыз. Қазір мектеп оқушылары көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді, оларға бүкіл әлем айқара ашық. Ұстаздар да заманауи үрдісті бақылап отыруға тырысуда. Олардың көпшілігінде Интернет парақшалары, тіпті өздерінің блогтары да бар. Бұл - заман талабы. Балалар жаңаны тез үйреніп, лезде қағып алады. Осы тұрғыда біздің мақсатымыз - қатардан қалмай, заман ілегіне ілесіп жүру, тіпті бір қадам алда болуымыз керек.
«Психология» пәні туралы әңгіме қозғасақ, оның бүгінгі күнгі өзектілігіне тоқталмай кетуге болмайды. Көптеген оқытушылар психологияны үлкен қызығушылықпен зерттеп білуге кірісіп кетті. Біз бірқатар тренингтер мен семинарлар өткізу жөнінде келіссөздер жүргізудеміз. Сонымен қатар тәжірибе негізінде Астананың 5 мектебінде осы пәнді енгізу туралы Білім министрлігіне хат дайындап жатырмыз. Сондай-ақ белгілі психолог-педагогтар да тартылатын болады.
Бұрын «Әдеп және отбасылық өмір психологиясы» пәні болатын, кейін ол қысқарып кетті. Қазір «Өзін өзі тану» пәні оқытылады, ол да қажетті әрі өзекті пән. Елбасы тәрбие мен білімнің отбасынан басталатынына қашанда ерекше мән береді. Шынында да, мектеп баланың үйінен алатын тәрбие мен біңлімді тек толықтырады. Мектеп пен ата-ана бір команда ретінде жұмыла жұмыс жасап, бір-бірімізге қолдау көрсетіп отыруымыз керек. Мұның өзі де психология ғой, ата-ана баласын, бала ұстазын, ұстаз ата-ананы дұрыс түсінуі қажет. Сондықтан «Психология» секілді пән қажет және біз оны міндетті мектеп бағдарламасына енгізу үшін жұмысты жалғастыратын боламыз.
- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асырылуына көп көңіл бөледі. Жуырда берген сұхбатында Елбасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды. Бұл мәселені оң жолға қою үшін елордалық мектептерде қандай шаралар қолға алынды?
- Президенттің бұл ойын жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінде балаларымыздың көпшілігі үш тілде де еркін сөйлейді. Астана мектептерінде шет тілі бірінші сыныптан бастап бір сағаттан үйретіледі. Сондай-ақ, орыс тілді мектептерде қазақ тілі пәні бірінші сыныптан оқытылады. Біздің қаладағы мектептердің шамамен 60% - бұл лицейлер мен гимназиялар. Сондықтан тілдерді меңгеруге қосымша факультативтен сағат қосуға мүмкіндік бар. Тілді тереңдетіп оқытатын лицейлер шет тілдеріне көбірек мән берілуін қаласа, емін еркін сағат қоса алады. Мұндай жағдайда, әрине баланың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Өйткені мектептерде оларға түсетін жүк жеңіл емес.
Сондай-ақ бізде тілдік курстар ұйымдастырылады. Кейбір мектеп директорлары Ұлыбританиямен өздері келіссөз жүргізіп, келісімге тұрады. Осылайша, біздің оқушылар түрлі бағдарламалар, байқаулар мен гранттар аясында шетелге тілді меңгеру үшін тағылымдамадан өтуге жолдама ала алады.
- Бүгінде мұғалім мәртебесі жайлы жиі айтылады. Кадрлар тапшылығы да бар. Сіздің ойыңызша, ұстаз мәртебесін көтеріп, жас қыз-жігіттерді бұл салаға қалай тартуға болады?
- Педагог - бұл кәсіби қабілеттілік. Нағыз педагог болу үшін жоғары оқу орнын аяқтау жеткіліксіз. Бұл жұмысты шын жүрекпен сүю керек. Амал болмағандықтан осы салаға барған кездер де болды. Бүгінде білім беру мекемелерінде жұмыс істеу үшін тиісті білім алуға бар жағдай жасалды. Жасыратыны жоқ, шынымен кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері жеткіліксіз. Бүгінде жағдай жақсарып келеді. Мұғалімнің беделіне қатысты мәселеде ата-аналар да маңызды рөл атқарады. Егер үйде мұғалімнің айтқаны дұрыс деп үйретсе, онда оқушы да ұстазына өзгеше қарайтын болады. Мұғалім де өзін лайықты деңгейде ұстауы тиіс. Бұл жерде жапониялық императордың сөзін келтіргім келеді: «Мұғалімнің жалақысын премьер-министрдікіндей қылып, императордай құрмет көрсету қажет». Мемлекет білім беру саласына көп көңіл бөлуде. Жалақымыз да үнемі көтеріліп тұрады. - Елордалық мұғалімнің орташа жалақысы бүгінде қандай соманы құрайды?
- Бүгінде елордалық мұғалімнің жалақысы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 60-65 мың теңге шамасында. Егер еңбек өтілі бар жоғары дәрежелі ұстаздардың жалақысы 100 мың теңгеге дейін жетеді.
- Қазір көптеген салаларға жастардың келу үрдісі байқалады. Елордалық мектептердің әкімшіліктерінде жастардың қатары қалыңдады. Астанада мектеп директорларының орташа жасы қаншада?
- Шынында да, Астанада жас директорлар көп. Олар өте сауатты және бұл қуантпай қоймайды. Бүгінде жақсы директор - бұл жұмысы жемісті менеджер. Ескіні естен шығармай, жаңаға жол ашу қажет. Кадрларды таңдағанда да осыны ескеру керек. Тәжірибелі мұғалімдер де талапты жастар да қажет. Үйренуден жалықпау керек. Жас маман тәжірибелі мұғалімнен үйренсе, тәжірибелі оқытушы жастың жақсы жақтарын түйіп алса игі. Елордалық мектеп директорларының орташа жасы - 45-50 шамасында, бұдан да жас директорлар бар. Мәселен, 40 жастағы, 35 жастағы және 30 жастағы мектеп жетекшілері. Олар бұрын мұғалім болған, кейін мектеп директорының орынбасарлары болып қызмет еткен. Парасатты, дана директор тәжірибелі педагогтар мен жас мамандарды бір іске жұмылдыра алады.
- Ұрпақтар сабақтастығы тақырыбын қозғадыңыз. Сіздің тәжірибеңіз мол, мамандықтың әр кезеңінен өттіңіз. Сіздің ойыңызша, бүгін білім беру саласы жүйесінде нені өзгерту керек, нені сақтап қалған дұрыс?
- Кеңестік білім беру жүйесі мықты болғанын мойындауымыз керек. Сол заманда мектеп бітіргенмін. Кейін Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдадым. Кейін мектепте жұмыс істедім. Тәжірибелі педагогтармен бірге қызмет еттім. Уақыт өте мектеп директоры болып көтерілдім. Еңбек жолымда ескіні ұмытпай, жаңашылдықты түртіп отырдым. Көбі әрине мұғалімге де байланысты. Мұғалімдерге заманға сай бейімделу керектігін айтып жүремін. Кадрларды, әсіресе математик пен физиктерді сақтап қалуымыз керек. Математиктер коммерциялық құрылымдарға орналасады. Физик, математик және информатиктерді білім беру саласында ұстап қалуға тырысамыз.
- Астаналық мұғалімдерді ынталандыру үшін білім беру басқармасында қандай шаралар жасалып жатыр?
- Елорда мектептерінің арасында қала әкімі грантының байқауы өтуде. Грант 30-ға жуық бағдарды қарастырады. Жеңімпаз атанған мектепте өмір бойы қызмет ететін 10 педагогтың жалақысына әкім 50 пайыз үстемеақы төлейтін болады. Мектепке де қаражат қоры бөлінеді. Астанада мектеп директоры болып істеген кезімде бұл маған және менің ұжымымның жұмысына жақсы серпін берді. Осындай шаралар арқылы мектептер мен оқытушыларды ынталандырып, жақсы мамандарды білім беру мекемелерінде ұстап қалуға тырысамыз.
- Сіз тәжірибелі педагог және басшы ғана емес, сонымен бірге үш баланың анасысыз. Бос уақытыңызды қалай өткізесіз, сүйікті ісіңіз бар ма?
- Кіші ұлым екі жаста. Үлкен қызым 21-де болса, ортаншы қызым - 13-те. Бос уақытымды осы балапандарыма арнаймын десем де болады. Балабақша, мектеп және колледждерде балаларым көп болса да, туған балаларымды да ұмытпаймын. Демалыс күндерін жанұяммен өткізуге тырысамын. Үйіме кеш келсем де, 5-10 минуттай уақытымды бөлуге тырысамын. Еңбек демалысымды отбасыма арнаймын. Қыздарым үйдегі жұмыстар бойынша көмектеседі. Балаларыма дос болуға тырысамын. Балаларымызға кем дегенде 10-15 минутымызды бөлсек, отбасында береке болатынын психологтар дәлелдеген. Киноға, «Арай» елордалық саябағына баруды ұнатамыз.
- Жаңа оқу жылында Астананың мұғалімдеріне не тілер едіңіз?
- Елордалық педагогтарға сабырлық мен ізденімпаздық тілеймін. Заман ағымына сай дамуымыз керек. Еңбек етіп, шеберлігімізді шыңдап, балалар мен кәсібімізді сүюіміз керек. Барлығына денсаулық пен шығармашылық ізденіс тілеймін. Ата-аналарға да сабырлық тілеймін. Мақсатымыз бір. Сондықтан бала, ата-ана және мұғалімдер бәріміз жұмылып жұмыс істеуіміз тиіс. Бізде қазір 5 мектеп ашылып жатыр. Жаңа балабақшалар мен мектептердің салынып жатқаны жақсы емес пе?! Бұл мемлекетіміздің дамуының айғағы. Барлығына жақсылық пен көтеріңкі көңіл-күй тілеймін!
- Әңгімеңізге рахмет!