Эль-Ниньо 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Эль-Ниньо климаттық құбылысы алдағы уақытта да күшейіп, болжам бойынша 2026 жылдың желтоқсанында шарықтау шегіне жетеді, деп хабарлайды Kazinform БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап.
Эль-Ниньо 1950 жылдан бергі ең қуатты климаттық құбылыстардың біріне айналуы мүмкін. Оның әсерінен әлемнің көптеген өңірінде ауа температурасы өзгеріп, жауын-шашынның жауу тәртібі бұзылады.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) жаңа болжамы бойынша, Эль-Ниньо құбылысы 2027 жылдың ақпанына дейін жалғасады деуге толық негіз бар. 2026 жылдың қазан-желтоқсан айларында Тынық мұхитының тропиктік белдеуіндегі орталық және шығыс бөліктерінде теңіз бетінің температурасы рекордтық деңгейге көтерілуі мүмкін.
— Эль-Ниньо толық қалыптасып, қарқыны үдей түсті. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамына сәйкес, бұл құбылыс 2027 жылғы ақпанға дейін сақталады. Сондай-ақ ол 1950 жылдан бергі ең күшті Эль-Ниньо кезеңдерінің біріне айналады, – деді ұйымның бас хатшысы Селесте Сауло.
Аптап ыстық, құрғақшылық пен су тасқыны қаупі
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамынша, қазан-желтоқсан айларында әлемнің көптеген өңірінде ауа температурасы орташа деңгейден жоғары болады. Сонымен қатар Эль-Ниньоның күшті кезеңдеріне тән жауын-шашынның таралу өзгерістері байқалып, кей аймақтарда құрғақшылық, ал енді бірінде су тасқыны қаупі үдеуі мүмкін.
Кей өңірлерде құрғақшылық қаупі артса, басқа аймақтарда нөсер жауын мен су тасқыны жиілеуі мүмкін. Атап айтқанда, Орталық Азияның, Шығыс Азияның кей бөліктерінде, Арабия түбегінің солтүстігінде, Африка аймағында, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Американың жекелеген өңірлерінде жауын-шашын әдеттегіден мол жауады.
Ал Үндістан түбегінде, Орталық Американың оңтүстігінде, Кариб алабының кей бөліктерінде және Оңтүстік Американың солтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден төмен болуы мүмкін.
Дегенмен бұл болжам әлемнің барлық өңірінде күн сайын ауа температурасы әдеттегіден жоғары болады дегенді білдірмейді. Ол тек алдағы маусымда белгілі бір климаттық жағдайлардың қалыптасу ықтималдығы артқанын көрсетеді.
Эль-Ниньо әлемдік климатқа қалай әсер етеді
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым басшысының айтуынша, Эль-Ниньо қосымша жылу өндірмейді, керісінше, мұхитта жиналған жылудың атмосфераға бөлінуіне ықпал етеді. Сондықтан бұл құбылыс қатты күшейген кезеңдерде жер шарындағы орташа температура да рекордтық деңгейге көтеріледі.
Ауа райына Үнді мұхитындағы климаттық тербелістің оң кезеңі де ықпал етеді. Бұл құбылыс мұхит алабындағы жауын-шашынның таралу сипатын өзгертеді. Болжам бойынша, ол қазан айында шарықтау шегіне жетіп, кейін біртіндеп әлсірейді.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамы спутниктерден, мұхиттағы қалқымалы өлшеу құралдарынан және радиозондтардан алынған деректерді пайдаланатын 13 ұлттық және халықаралық климат орталығының мәліметтеріне сәйкестендірілген.
Ұйым Эль-Ниньо құбылысының салдарына алдын ала дайындалу үшін климаттық болжамдарды ұлттық метеорологиялық қызметтерге, мемлекеттік органдар мен гуманитарлық ұйымдарға тұрақты түрде ұсынып келеді.
Бұған дейін Қазақстан 100 мың гектар жасанды орман құру жобасын бастайтынын хабарлаған едік.