Ел өңірлерінде өрттен 6 адам көз жұмды - ҚР ТЖМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика аумағы бойынша әртүрлі себептермен тұтанған өрт салдарынан 6 азамат қаза болды.
Айталық, Алматы қаласында 1 қабатты үйдің бір пәтері өртеніп, 64 жасар әйел оқиға орнында қаза тапты.
Шығыс Қазақстан облысы Зырян қаласында да үйден өрт шығып, 78 жасар кейуана көз жұмды.
Қостанай қаласында «Лазаревич» жеке кәсіпкерлігі аумағындағы құрылыс вагонында от шығып, 1969 жылғы күзетшінің өмірін қиды.
Сондай-ақ, Қостанай қаласында тағы бір үй отқа оранып, шатыры құлады. Өртті ауыздықтауға 6 құтқарушы мен 2 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында адам мүрдесі табылды. Марқұмның кім екені анықталуда. Жарақаттанған 1964 жылғы азамат ауруханаға жеткізілді.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданында жеке тұрғын үйде пештен ақау шығып, өрт шықты. Газ иісінен уланған 1954 жылы туған азаматша мен 1952 жылы дүниеге келген ер адам қаза тапты.