Ел өңірлерінде өрттен бір адам қаза болды, үш адам зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәуліктерде ел өңірлерінде өрттен бір адам қаза болып, үшеуі зардап шекті, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Ақмола облысының Целиноград ауданы Қоянды ауылында жеке сектордағы үйден өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Ақмола облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің 1 техникасы мен жеке құрамның 3 адамы жұмылдырылды. 30 шаршы метр аумақ отқа оранды. Осы оқиғаның салдарынан иіс тиіп уланған 42 жастағы әйел мен 8 жасар бала ауруханаға жатқызылды.
Қостанай облысының Қостанай қаласында екінші қабаттағы пәтерден өрт шықты. Оны ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қостанай облысының ТЖД өрт сөндіру қызметінің 3 техникасы мен жеке құрамның 11 адамы жұмылдырылды. Жалын шарпыған аумақ 9 шаршы метрді құрады. Оқиға орнынан 34 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді, ол сол жерде жан тапсырды.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Арықбалық ауылында жекеменшік үйде өрт тұтанды. Оны сөндіруге ҚР ТЖМ Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД өрт сөндіру қызметінің 2 техникасы мен жеке құрамның 4 адамы жұмылдырылды. 192 шаршы метр аумақ отқа оранды. Осы оқиғаның салдарынан күйік шалған 59 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды.