Ел Президентінің халықтың интеллектуалдық әлеуетін дамыту жөнінде айтылған сөздері санаға үлкен қозғау салды - Айман Мұсақожаева
АНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде оқыған дәрісінде халықтың интеллектуалдық әлеуетін дамыту жөніндегі сөздері мен жалынды үндеулері санаға үлкен қозғау салды.
Бүгін Қазақ ұлттық музыка академиясы қабырғасында он-лайн жүйесі арқылы тікелей эфирде дәрісті тыңдаған академия ректоры, профессор, Қазақстан Республикасының халық әртiсi Айман Мұсақожаева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ ұлттық музыка академиясының орган залына жиналған ұстаздар, профессорлар мен студенттер дәрістен үлкен әсермен шықты. А.Мұсақожаева Елбасының жастарды білімқұмарлыққа баулу, олардың білім жинақтау қабілеттерін арттыру, Қазақстанның интеллектілік ядросын қалыптастыру жөніндегі міндеттері уақыт талабы екендігін жеткізді.
«Әлем халқы әрдайым дамып, өркендеу үстінде келеді. Солардың соңында қалып қоймайық десек, бізге де алға жылжуымыз керек. Елбасының бүгінгі дәрісінде айтылған ұлттың интеллектісі бағдарламасы осы ауқымды міндетті атқаруға бағытталған. Бұл - инновациялық бағдарлама. Инновация - білімде, инновация - өмірде, инновация - өндірісте, инновация - жұмыста орнағаны керек», дейді ректор.
«Дәрісте айтылған міндеттерді өмірге келтіруде біз өз тарапымыздан күш саламыз. Интеллект - бір ұғым емес, бұнда ішкі, рухани интеллект ұғымы да бар», деп атап көрсетті ол.