Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақмола облысында көп балалы отбасы баспаналы болды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай Целиноград ауданының Қоянды ауылында көп балалы отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Мереке қарсаңында аудандағы «АйМак-ИнвестГрупп» ЖШС-нің демеушілігімен көп балалы отбасы, яғни 5 баланың қамқоршылары Даурен Абатов жəне Алмасгүл Үркітбайдың отбасына жаңа үйдің кілті салтанатты түрде табысталды.
Қуанышты шараға Қоянды ауылдық округінің әкімі Өмірсерік Ержанов пен "АйМак-ИнвестГрупп" ЖШС-нің басшысы Қанат Ысқақов сөз сөйлеп ауыл тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
Одан əрі ауыл ақсақалы Баянбай Мәлік бата беріп, көп балалы жанұя жаңа баспаналарына қоныстанды. Ақсақалдар кеңесінің төрайымы Калиева Сауле Игенбаевна шашу шашты. Дастархан жайылып жиналған ауыл тұрғындары дәм татты. Қуанған үй иелері алғыстарын айтты.