Ел тарихындағы ең ірі әскери парадқа отандық техникалар қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай, 2017 жылдың 7 мамырында ел тарихындағы ең ауқымды әскери парад өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Жанжүменов мәлім етті.

Ел тарихындағы ең ірі әскери парадқа отандық техникалар қатысады

«Бұл әскери парад жеке құрам және техникалар саны бойынша ел тарихындағы ең ірі шеру болмақ. Оның ерекшелігі  аумақтық қорғаныс бригадасы ротасының, барлау ротасының және еліміздегі төрт «Жас ұлан» мектебінің құрама барабаншылар ротасының және ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің тартылуы», - деп атап өтті Талғат Жеңісұлы.

Айтулы күні Астананың Тәуелсіздік алаңына бес мыңнан астам әскери қызметші салтанатты маршпен жүріп өтеді. ҚР Қорғаныс министрі орынбасарының хабарлауынша, олар қатаң іріктеуден өткен және10 ақпан күні тұрақты орналасу пункттерінде жаттықтыру жұмыстары басталған.

Парадта 300-ге жуық әскери техника жұртшылық назарына ұсынылады. Алаңда алғаш рет басқарылатын ұшу аппараттары («Wing Long», «Hermes-90» және «Бусел»), гидроцикл, катер, квадроцикл, багги және «Джигит» зеңбірек қондырғылары қойылады. Әуе  қорғанысының 80 дана авиациялық техникасы, «Хьюи» тікұшағы және TL-2000, Zlin оқу-жаттықтыру ұшақтары Қазақстандық авиацияның көк аспандағы қуаты мен жауынгерлік әзірлігін паш етеді. Бұл шеруде қазақстандықтар 2016-2017 жылдары әскери арсеналымызды толықтырған су жаңа техникаларды тамашалай алады. Әскери парад қолбасшысы ретінде ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерінің бас қолбасшысы, генерал майор Мұрат Бектанов тағайындалған. Парадты Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы қабылдайды.

Баспасөз мәслихатында Т.Жанжүменов парадқа шығарылатын әскери техникалардың жартысына жуығы отандық өнім екенін мәлімдеді. «Мәселен, «Арлан» бронды техникасы «Қазақстан инжиниринг» АҚ зауытында шығарылған. Қазград реактивті техникасы Петропавл қаласында ауыр машина жасау зауытында жасалған. Негізгі көлік болып саналатын камаздардың барлығын көкшетаулық «Камаз Инжиниринг» АҚ жасап шығарған. «Джигит» зеңбірек қондырғылары да өзіміздің өнім. Яғни, әскери парадқа шығарылатын техникалардың тең жартысы отандық қорғаныс өнеркәсіптерінде шығарылған», - деді генерал-майор.

Сонымен бірге, Қорғаныс министрінің орынбасары ел аумағында Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған шаралардың жыл бойы жалғасатынын хабарлады. Оның айтуынша, 25 жылдыққа орай, биыл жаңа әскери заманауи техникалар алынып, әскери қызметшілерге баспана кілті табысталады, жас өрендерді патриоттық тәрбиелеуге бағытталған түрлі спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылады.