Ел тарихындағы тұңғыш Жауынгерлік парадқа 7 мың сарбаз, 400 әскери техника, 80 ұшақ пен тікұшақ қатысуда

Бұл туралы ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа есеп беру кезінде парадқа басшылық етуші Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев мәлім етті.
Осыдан кейін Жауынгерлік парадтың екінші бөлімі басталып, жауынгерлер Қазақстан Қарулы күштерінің соғыс жағдайындағы мүмкіншіліктерін көрсетуге кірісті.
Атап айтар болсақ, Су-25, Миг-29, Су-27, Л-39 және өзге де ұшақтар мен Қазақстанда құрастырылған тікұшақтар көрсетілді. «Жетісу» және «Сұңқар» топтары ұшу мәнерінің жоғарғы шеберлігін паш етті. Әуе Қорғанысы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысын көрсету үшін әуедегі нысаналар бойынша С-125 зенитті-ракеталы кешеннен зенитті басқарылатын ракеталар жіберілді.
Сондай-ақ, Ракеталық әскерлер мен артиллерия қарулары таныстырылды. Мәселен, олардың арасында «Точка У» тактикалық ракеталық кешендер, «Град» және «Прима» залппен ату ракеталық жүйелері, МСТА-Б және Д-30 гаубицалары, «Солнцепек» ауыр отты қару жүйелері, «Штурм-С» танкіге қарсы ракеталық кешені және басқалары бар.