Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қанша адам рақымшылыққа ілігеді
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын әзірледі. Оның мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту. Рақымшылық - ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы мемлекеттік орган өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Министрдің дерегінше, елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы – бұған дейін бірнеше рет сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
«Жоба бойынша 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Сотқа дейінгі тергеудегі 5 мың іс қысқарады. Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған», - деді ол.