«Ел тұлғасы» акциясының «Қоғамдық қызмет» аталымында Н.Назарбаев халықтың дауыс сандары бойынша алда келеді
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - «Ел тұлғасы» акциясының бірінші айында бес аталым бойынша 1 мың 730 дауыс келіп түсті.
Айта кетейік, 2011 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Ел тұлғасы» атты халықтық дауыс беру шарасы бастау алған болатын. Осы акция барысында еліміздің дамуына үлес қосқан адамдардың аты аталды.
Көшбасшылардың есімдері «Қоғамдық қызмет», «Бизнес», «Ғылым», «Мәдениет және өнер», сондай-ақ «Спорт» секілді бес аталым бойынша 2012 жылдың наурызында байқау аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Дауыс беру басталғалы бері 1 ай өткеннен кейін барлығы 1 731 дауыс жиналды.
18 қаңтардағы мәліметке қарағанда, дауыс саны бойынша «Қоғамдық қызмет» аталымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, «Бизнесте» Нұрлан Смағұлов, «Ғылым» бойынша Зулхаир Мансұров, «Мәдениет және өнерде» Бақытжан Қанапиянов және «Спорт» аталымында Самат Смақов алда келе жатыр.
Дауыс беру әлеуметтік желілер, электрондық пошта және ұялы телефонның смс хабары арқылы жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде дауыстың басым бөлігі смс-ке (38 пайыз) қарағанда көбіне интернетпен (62 пайыз) келіп түсуде.
«Ел тұлғасы» дауыс беру шарасын Exclusive іскерлік журналы, Stosorok.kz қызметі мен Kcell ұялы операторы ұйымдастырып отыр.
Конкурс «Панорама», «Наша жизнь», Massaget.кз, Nur.kz, Gazeta.kz, Quorum.kz порталдарының ақпараттық қолдауымен өтуде. Дауыс беру мерзімі 2,5 айға жалғасады.