Ел тұрғындары жаңа чат-бот арқылы экологиялық мәселені шешуге өтінім бере алады
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы 5 шілдеден бастап тұрғындар өтінім беруге арналған жаңа сервис @TazaQazBot чат-боты жұмыс істеп тұр. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.
Оның айтуынша, бұл чат-ботты қолдану оңай: тіркеліп, мәселе бар жердің (ластанған, қоқыс жиналған – ред.) мекен-жайын көрсетіп, фотосурет жүктеп, жағдайға қатысты пікір жазып, жолдауға болады.
«Өтінім түріндегі барлық ақпарат жергілікті атқарушы органның операторына келіп түседі, ол өтініштерді іріктеп, орындаушыны тағайындайды. Өтінім санатына байланысты орындаушының тапсырманы орындайтын уақыты автоматты түрде белгіленеді. Жұмыс аяқталғаннан кейін орындаушы фотосуретті және қажет болған жағдайда тиісті түсініктемелерді қосады», – деді вице-министр.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы және жауапты орындаушыларды анықтау үшін барлық проблемалық мәселе 17 санатқа бөлінеді: саябақтар мен аллеяларды, үйлерді тазалау, жарықтандыру, абаттандыру, құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды шығару, аула алаңдарының жай-күйі және т.б.
Өтініш берушінің жұмысты атқарған жергілікті атқарушы орган рейтингін белгілеу мүмкіндігі болады және жұмыстарды аяқтау туралы хабарлама алады.
Чат-бот іске қосылғаннан бері 6 мыңнан астам өтінім келіп түскен.
Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілетінін хабарлаған едік.
Тұжырымдама аясында 2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары іске асырылмақ.
Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікке бағдарланған балаларға арналған ғылыми және практикалық білім жүйесі әзірленеді.