«Ел тыныштығына қырағылық қажет» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 3-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше ресейлік «Известия» газетінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» деген мақаласы жарық көрді. Осы жарияланымның аудармасы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында басылды. «Ядролық қауіпсіздік саласында бүкіл адамзат үшін заңды және өмірлік маңызды бақылау шараларын қабылдай отырып, халықаралық қоғамдастық энергетика және жоғары технологиялар саласындағы жаһандық трендтерді назардан тыс қалдырмауы тиіс. Сондықтан ядролық терроризммен күрес саласындағы жаһандық күш-жігер мен халықаралық құқық тұрғысынан алғандағы ашық ядролық бағдарламалар арасында ойластырылған тепе-теңдік қажет», дейді Елбасы мақаласында.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқынының салдарын жою мәселесі талқыланған жұмыс кеңесін өткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Бас прокурор Қ.Мәми, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты. Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы биылғы қыс жылдағыға қарағанда қатал болғанын айта келіп, осы жағдайда Үкімет және еліміз өңірлерінің басшылары Қазақстанның елді мекендерін жылумен, энергия және сумен қамтуда ешқандай ағаттық жібермегеніне тоқталды. Президент әсіресе Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қызметін ерекше атап өтіп, Павлодар және Алматы облысы әкімдерінің жұмыстарына оң баға берген. Кеңес жайында толық мағлұмат алғыңыз келсе басылымның сенбілік нөмірінде жарық көрген «Ел тыныштығына қырағылық қажет» деген мақалаға назар салыңыз.

Сондай-ақ осы жайт арқау болған мақалалар «Айқын», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда» газеттерінде де жарық көрді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астананы одан әрі дамыту мәселесі қаралған сәулет-құрылыс кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиын барысында Елбасы елордада пайдалануға берілген және құрылысы жүріп жатқан еңселі ғимараттарға кеңінен тоқталып, алдағы жылдары Опера және балет театры, Қазақ және Орыс драма театрары, Тарих мұражайы мен Оқушылар сарайы салынатындығын хабардар еткен. «Қиын кезеңдердің өзінде де Астананың құрылысы тоқтаған жоқ» деген тақырыппен берілген мақаланы басылымның сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

Кеңес арқау болған мақалалар «Алаш айнасы», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерінде де жарияланды.

***

«Шу ауданында екі бірдей жас баланың 31 жастағы шешесін 30 мың теңге үшін есінен тандыра сабап, тірідей шұңқырға көміп кеткен үш қарақшы ұсталды», деп жазады «Айқын» газеті. Қарақшылар қылмыстық іске алдын ала жасалған жоспар бойынша кіріскен. Олар компьютерлік клубта істейтін әйелді аңдып жүріп, күні бойы түскен ақшаны тонамақ болған. Кешкісін жұмыстан шыққан әйелді үш жігіт тарпа бас салып, есін жинатпастан ВАЗ-2106 көлігіне отырғызып қаланың сыртына шығарған. Оның сөмкесінен 2 ұялы телефон мен 32 мың теңге алған олар әйелді қинап, арматурамен, бетон кесектермен ұрып, есінен танған кезде карьердегі шұңқырға тірідей көміп кеткен. Осы жан түршігерлік оқиғаның одан ары қалай өрбігенін басылымның сенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқуға болады.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларында ауызсу қымбаттамақшы. Облыс басшысы Серік Ахметовтің пікірінше, халықты үнемшілдікке үйрету мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын ес жиғызудың жалғыз амалы осы көрінеді. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде «Әкім тарифті өсірмек, ал халық болса, іркінді су ішіп әлек...» деген тақырыппен берілген мақалада кеңінен тарқатылып жазылған. «Тарифті арттырмас бұрын алдымен судың сапасын тексеру керек. бұл - бір. Екінші - ауызсу проблемасын шешу үшін қаржы қарастыруды жеделдету қажет. Мамандардың айтуынша, Кеңгірге биыл да тасқын судың құйылуы екіталай. Жезқазғанның өзі бір жылда аз дегенде 60 млн. текше метр су тұтынады екен. Ал су қоймасында қалғаны - 118 млн. текше метр ғана. Басқа амал қарастырылмаса, ол биыл-ақ сарқылады», деп түйінделген мақала.

«Айқын» газетінің жазуынша, Шығыс Қазақстандағы табиғи апат Павлодар облысында да қайталануы мүмкін. Ертістің арнасы шамадан тыс көтерілсе, өзеннің суын ішіп, балығын талғажау етіп келген көптеген ауылдар топансу тұтқынына айналады. Қала іргесіндегі Ленин кентіндегі үш жүздей үй қар суы астында қалады деген де қауіп бар көрінеді.

***

«Топан судан зардап шеккен шығысқазақстандық ағайындарға еліміздің барлық аймақтарынан көмек көрсетіліп жатыр. Кеше Астанадан дәрі-дәрмек пен тұрғындарға қажетті басқа да тұрмыстық тауар тиеген кезекті керуен оқиға орнына жеткізілді», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, елордалық кәсіпкерлердің ұйымдасуы нәтижесінде жиналған 20 тонналық тауарлар мен дәрі-дәрмектің жалпы құны 1,5 миллион теңгені құрайды. Мұндай игілікті қайырымдылық шарадан Президенттік мәдениет орталығының ұжымы да тыс қалмаған. Олар өздерінің 1 және 5 күндік жалақыларын табиғи апаттан зардап шекккендерге көмек қорына аударған.

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, сәуірдің 5-і күні ҚР «электронды үкімет» веб-порталында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауының жүзеге асырылу барысы туралы интернет-конференция өтпек.

***

Сәуірдің 1-і, Күлкі күні «Алаш айнасы» газетінде жарияланған «Көп әйел алу заңмен бекітілді» деген мақалаға байланысты редакцияға хат жазып, телефон шалып хабарласып, басылым сайтындағы форумда өз ойларын ашық білдірген оқырман көп көрінеді. «Шағын ғана әзіл ақпараттың өзі ауқымы кең қоғамдық пікір қалыптастырып жатқанына қарап, ертелі-кеш осы заңның шынымен де қабылданатына көз жеткізу қиын емес сияқты», деп жазады басылым.

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы: Аяз қыспағында қалып, су басқан аймақтағы түлектерге ЖОО-ға түсуге арнайы квота бөлу керек пе?.

Осы сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов «апатты аймақтардың мектеп жасындағы балалары мен бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында оқитын жастарына мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер жасалуы тиіс. Бұған қоса қыстағы қатты аяздардың салдарынан және көктемдегі су тасқыны кесірінен сабақтан қол үзіп қалған, биыл мектеп бітіретін түлектердің еліміздің жоғары оқу орындарына түсуіне Білім және ғылым министрлігі арнайы квота бөлуі керек» десе, экономист Ілияс Исаев «қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында білім алу негізінен ақылы түрде жүргізілетіндіктен, табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардан шыққан студенттердің барлығы дерлік оқуға қаражат төлеу мүмкіндігінен айырылып қалды. Бұл жағдайда ең тиімдісі, сондай студенттерді анықтап, оларды ақылы бөлімнен грантқа ауыстыру қажет. Мұның өзі, кәдімгідей жеңілдік. Ал апат аймағындағы енді мектеп бітіретін түлектердің бәріне бірдей жоғары оқу орындарына түсуіне арнайы немесе қосымша квота бөлу қажет деп есептемеймін», депті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев православтық христиандарды Пасха мейрамымен құттықтады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көп ұлттың және әрқилы конфессияның өкілдері мекен еткен Қазақстанда дінаралық өзара сыйластықтың игі дәстүрлері орнықты. Бұл біздің халқымыздың кеңпейілділігі мен кемеңгерлігінің арқасында, сонымен бірге мемлекетіміздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, түрлі діни конфессиялар мен мемлекеттер арасындағы жемісті үнқатысуды қолдауға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде мүмкін болды», деліген Елбасының құттықтауында.

ҚР Президентінің Пасха мейрамымен құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде де жарық көрді. «Баршаңызға, қымбатты менің отандастарым, бақыт пен денсаулық, игілік пен береке тілеймін», дейді Елбасы өз құттықтауын аяқтай келіп.

Соңғы жаңалықтар