Ел ықыласы ерекше: Әжелер ансамблі халық әндерін әуелете шырқайды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Халқымыздың салт-дәстүрін насихаттап, ұлттық әндерді әуелете шырқап жүрген «Қазына» ансамблінің құрылғанына 10 жылдан асқан. Ақ жаулықты апалардың өнеріне Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығы дән риза. Ел жадынан көмескілене бастаған халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын олар әрқашан дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырады. ҚазАқпарат тілшісі ансамбль жетекшісі Нұржамал Абдуллинамен жолығып, әңгімелесіп қайтқан болатын.

Ел ықыласы ерекше: Әжелер ансамблі халық әндерін әуелете шырқайды

Қазақылықтың иісі аңқыған киіз үй

– Күршім ауданынан Өскеменге көшіп келгенде, әуел баста ауылды аңсап, көкірегімді сағыныш кернеді. Бірде маған хабарласқан Қазила Қабышева өзін таныстырып болғаннан кейін ұжым құрайын деп жатқандықтарын айтып, соған мені шақырды. Үйге әрең сыйып отырған мен бірден келісімімді бердім. Осылайша бір топ әжелер 2008 жылдың желтоқсан айында Әжелер алқасы болып құрылдық. Арамыздағылардың көбісі мұғалім болып еңбек еткен. Сондай-ақ есепші, медбике болып қызмет істегендер де бар, - дейді Нұржамал Абдуллина.

Наурыз мейрамында әжелер құрған киіз үйге сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ислам Әбішев келіпті. Апаларға ризашылықтарын білдірген олар «Бұл жерде қазақылықтың иісі аңқып тұр екен. Сіздер осындай дүниені өз іштеріңізде қалдырмай, өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жеткізулеріңіз керек» депті.

– Осы сөз бізге ойтүрткі болды. Бәріміз бас қосып ақылдасып, жылда Наурызда киіз үй құрып қана отырмай, халық әндерін шырқап, салт-дәстүрімізді насихаттайық деген шешімге келдік. Сөйтіп «Ақ әжелер» тобы дүниеге келді. Уақыт өте келе тобымыздың аты «Зерде» болып өзгертілді. Бірде бізге дайындыққа келген ҚР Мәдениет қайраткері Сағынбек Ақанов «Сіздерге Қазына деген атау әбден лайық болар еді» деп ұсыныс жасады. Біз бірден бұл ұсынысты қабыл алдық, – дейді Нұржамал апа.

Әнмен әрлеп, өлеңмен өрнектеуде

«Қазына» ансамбліндегі әжелер Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Катонқарағай, Зайсан аудандарының тумалары. Концертке киетін киімдерін өз зейнетақыларына тіктіретін олар облыстың бірқатар өңірлерін аралап, бұқараны халық әндерімен сусындатуда. «Ұрпақтар үндестігі» жобасын қолға алып, ел болашағын ту еткен жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген әжелер ұжымына Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңі бағыт-бағдар сілтеуші екен.

– Егер біз балаларға тарих, салт-дәстүр жайлы құр баяндама жасап тұрсақ, оның ешқандай тиімділігі болмайды. Сондықтан оларға концерт түрінде әнмен әрлеп, өлеңмен өрнектеп жеткізуді жөн көрдік. Ең бірінші барған жеріміз – әскери бөлімшелер болды. Сарбаздардың туған күніне орай «Ақтілек» деген тақырыппен бардық. Осыдан кейін Новоявленка ауылына қандастар көшіп келіп жатқанда «Ән ерулік» апарған едік. Олар қатты қуанып, бізге өз ризашылықтарын білдірді, - дейді ансамбль жетекшісі.

Әжелер ұжымы орындайтын халық әндерінің сөзін Нұржамал Абдуллина өзі жазады екен. «Қазына» ансамблі 14 жылдың ішінде Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Ұлан, Жарма, Зайсан аудандарында өнер көрсеткен. Сол өңірлердің жұртшылығы оларға ыстық ықыластарын, шынайы құрметтерін жеткізіпті. Жол шығындарын өз қаражаттары есебінен төлейтін ансамбль мүшелеріне балалары да демеушілік жасайды.

2018 жылдың күзінде «Қазына» ансамблі Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп-лицейіне шақырту алған. Сөйтіп барлық шақырған жерден қалмауға тырысатын әжелер ұжымы еліміздің бас қаласына жол тартады.

– Елордаға барар алдында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаның қабылдауында болдық. Әр сөзімізді ыждаһаттылықпен тыңдаған ол бізге қолдау білдірді. Осы ретте сапарға кеткен шығындарымыздың орнын толтырған «Казцинк» компаниясына рахмет! Астанада концерт қойғанымызда Qazaqstan ұлттық арнасындағы Таңшолпан бағдарламасының тілшілері келіп бізден сұхбат алды. Күн сайын көркейіп келе жатқан бас қаламыздағы сапарымыздан қанаттанып қайттық, - дейді Нұржамал апа.

Әжелер ұжымы талай марапаттарға, Алғыс хаттарға ие болған. Сөз соңында ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дәріптеп жүрген «Қазына» ансамблінің жетекшісі барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, әр шаңыраққа береке-бірлік, қуаныш пен шаттық тіледі.