Ел жастары Елбасы Жолдауын қолдайды - А.Сыдықова
«Қазақстанның жас азаматтары!Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», - деп жастарды жігерлендіріп, ел дамуына үлес қосуға шақырды. Осы ретте жастар тарапы да Елбасының жолдауына үн қосуда. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Сұңқар» білімгерлер қоғамдастығының төрайымы Айдана Сыдықова Елбасы жолдауының басым бағыттары туралы өз пікірін білдіріп, жас замандастарын жолдауды қолдай отырып, ел өркендеуіне елеулі үлес қосуға шақырды.
ҚазҰУ-ның белсенді студенті, ғылым магистрі Айдана Сыдықова биылғы жолдаудың өзіндік ерекшеліктері туралы былай дейді: Елбасының биылығы Жолдауы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен ұштасып отыр. Қазір әлем өте күрделі шиеленістер мен тығырықтар алдында тұр. Тәуелсіздік алғанына аз ғана уақыт алған дербес мемлекетке де бұл толқынның әсері баршылық, алайда Елбасы Жолдауы осы тығырықтан жол табуға үндейтін алдағы айқын жоспарымыз іспетті болды. Ахуалдарға алаңдамай, сарабдал саясатпен қамданып, тығырықтан шығудың түрлі әдіс-тәсілдерін ұсынған Елбасы жаһандық дағдарыстан тек өзіміздің болашаққа деген сеніміміз бен ұлттық бірлік-ынтымағымыз алып шығатынын қадам айтты», - дейді ол.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының басты өзекті бағыттарының бірі жаңа жаһандық ахуалдың сын-қатерлерге төтеп беру. Қатаң бәсекелестікте қатар жүріп жатқан заманда іске асырылатын түрлі саяси-экономикалық күштердің шындығын сараптай отырып, жолдауда стратегиялық мақсат-міндеттер анықталды. Бұл туралы болашақ ғылым магистрі: «Қауіп-қатер, жаһандық дағдарыс секілді әлемде болып жатқан алмағайып өзгерістерде Қазақстан соған қарсы тұру мүмкіндіктерін де білуі қажет. Елбасы Жолдауында осы мүмкіндіктер де сарапқа салынды. Бірнеше мысалдар келтіріп, елдің дағдарыстан шығу тетіктерін анықтап берді. Сондай-ақ, "Қазақстан-2050"ауқымды стратегиялық жобасының осындай қолайсыз факторларға қарамастан, бірнеше бағыттарының осы уақыттарда сәтті орындалғанын да Елбасы Жолдауда деректермен жеткізді»
Сонымен бірге, биылғы Жолдаудың жастар үшін қуантарлық тұсы шәкіртақы көлемі 25%-ға дейін артатындығы. Бұл жаңалыққа А.Сыдықова қуанышын жасырмады. «Мейлі дағдарыс, мейлі әлемдік тоқыраулар болса да, Елбасы Жолдауында әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыра беретіндігін айтты. Демек алдағы жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы -28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі-29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялады. Әсіресе, студенттік стипендиялардың 25%-ға артатындығы көңіл қуантады», - дейді ол.
Елбасы Қазақстанның жас азаматтарына сенім артты. Мемлекет жүзеге асырып жатқан реформалар мен атқарылып жатқан қыруар істердің барлығы да сол жастар, болашақ үшін екенін атап айтты, оларды білімге, бастысы еңбекке шақырды. Сондықтан, Айдана Сыдықова өз замандастарына қарата: «Ел ертеңі қашанда жастар! Ел жастары Елбасы Жолдауын қолдайды. Елбасымыз айтқан бағыттар мен міндеттерді, мақсаттарды айқын іспен көрсету - ендігі біздердің, жастардың міндеті. Сол үдеден шығу жеке өзің үшін емес, мемлекетің үшін маңызды екенін әрбір жас естен шығармайды деген ойдамыз. Олай болса білім алайық, еңбектенейік, сұранысқа сай жұмыстың маманы атанып, ел өркендеуіне елеулі үлес қосайық!» - деп жастарды Жолдауды қолдауға шақырды.