«Ел, жер жəне өзіміз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газеті бүгін батыр, ақын, композитор Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Иманжүсіппен өткізген сұхбатын ұсынып отыр. «Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толады. Бұл тәуелсіздікті аңсаған халықтың отаршылдыққа қарсы ашу-ызасының көрінісі болатын. Кең-байтақ қазақ жерінің әр шалғайында ол әртүрлі көрініс тапты. Халқымыздың «ноқтаға басы сыймаған» ұлдары атқа мініп, қылыш көтерді, іштегі мұң мен шерін әні мен жырына қосты.

Азаттық үшін алысқан ерлерді қуғындау кеңестік қызыл саясат кезінде үдей түсті. Оның соңы 30-жылдарғы саяси қуғын-сүргінге ұласып, асылдарымыз сүттің бетіндегі қаймақтай сылынып тасталды. Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен өнері соның айқын мысалы болды» деп жазады басылым. Иманжүсіптің немересі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Иманжүсіптің «Дала көкжалы» атты сұхбатын Егемен Қазақстан газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.

Бас басылымының хабарлауынша, Эстония мемлекетінің қаржы министрі ҚР Мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқыған. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Эстония Республикасының Қаржы министрі Свен Сестердің қонақ дәрісі болып өтті. «Дәріс барысында Свен Сестер мырза Қазақстанмен арадағы сыртқы экономикалық қатынастардың дамуының негізгі бағыттары, Эстониядағы табысты мемлекеттік және әкімшілік реформалар туралы айтып, қаржы ресурстарын ұтымды басқару тәжірибесімен бөлісті» деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл туралы толығырақ «Эстонияның қаржы министрі мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқыды» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газеті бүгін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Сұлтанəлі Балғабаевпен өткізген сұхбатын ұсынып отыр. «Біраз мәселе Үкіметтің және оның қарауындағы Экономика министрлігінің жұмысына байланысты. Олар мемлекеттік қызметті бизнеспен, қазақша айтқанда, таза саудамен шатастыратын сияқты. Яғни ондағы жауапты қызметкерлер 1,7 млн гектар жерді аукционға шығарып сатсақ, сөйтіп, одан 2 млрд таза пайда түсірсек болды, басқа ештеңе де керегі жоқ деп есептеген. Әрине, бұл таза бизнестік көзқараспен келгенде өте дұрыс, одан арғысына бас ауыртпаса да болады. Ал сатылатын 1,7 млн гектар жердің бұдан кейінгі жағдайы қалай болады, ол жерді бұрын пайдаланып келген сан мыңдаған халық не ойлайды, жері сатылса қайтіп күн көреді - бұл сұрақ жер сатудың жобасын дайындаған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының да қаперіне кірмеген. Яғни олар халықпен жұмыс істейтіндерін, халықтың мүддесімен санасып, ұсыныс-тілектерін ескеруге тиіс екендіктерін ұмытып кеткен сияқты. Жер мәселесіне қатысты жиында Елбасы мұны жеріне жеткізіп айтты. Жер реформасы жөніндегі комиссия да соған орай құрылды. Дегенмен, комиссияның жұмысы біткен соң не болады? Ең бастысы - осында» деген С.Балғабаев сұхбатында. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетіндегі «Ел, жер және біз» атты сұхбаттан оқи аласыздар.

***

Ал, «Экспресс К» басылымы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған туризм туралы жазып отыр. «Орнықты даму» атты жер қорының өкілі Əсемгүл Əбдрахманова мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған туризмді дамытуға ниетті. «Олар да саяхаттап, дүниенің төрт бұрышын аралауға құқылы. Бұл Əсемгүлдің пікірі және оның алға қойған мақсаты. Жуырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында инклюзивті қонақ үй салынады» деп жазған басылым. Бұл туралы толығырақ «Вам крылья не помочь расправить?» атты мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар