Ел-жұрт Елбасының дұрыс шешім қабылдайтынына сеніп еді, сенім алдаған жоқ - З.Мұқанбетқалиева

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зейнетақы реформасына қатысты заң жобасы туралы мәлімдемесі еліміздегі қоғамдық ойды дүр сілкіндіріп, пікірлер тасқынын туғызды.

Ел-жұрт Елбасының дұрыс шешім қабылдайтынына сеніп еді, сенім алдаған жоқ - З.Мұқанбетқалиева

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзартуға байланысты үндеуін тыңдап, күпті көңілімізді орнықтыра түстік, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінде Атырау облысынан «Күміс алқалы» ана Зарифа Мұқанбетқалиева. - Өйткені, Президенттің қол қоюына ұсынылған жаңа заң жобасында әйелдердің зейнет жасын 2014 жылдан бастап 6 ай қосу арқылы біртіндеп 63 жасқа жеткізу көзделген еді. Әрине, бұл елдің экономикалық, қаржылық ахуалын қиындатпау үшін маңызды болар, алайда, әйел-аналардың көпшілігі жаңа заң жобасының түпкі мәнін түсіне қоймағаны анық. Оның үстіне ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің зейнетақы қорында жинақталған қаржысы да мардымсыз екені даусыз. Демек, жаңа заңды ел ішінде түсіндіруде, қол­да­нысқа енгізілу мерзімін белгілеуде бір шикіліктің барын ішіміз сезіп еді.

Міне, осындай себептер аналардың алаңдаушылығын тудырып қана қоймай, тіпті кейбірінің өкпе-ренішке бой алдыруына түрткі болды. Аналардың ертеңіне алаңдаған осындай қиын сәтінде ел-жұрт Елбасының дұрыс шешім қабылдайтынына сеніп еді. Сол сенім алдаған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа заңды әлде де талқылап, жетілдіре түсу үшін Парламентке қай­­тарғанын теледидардан тыңдадық. Со­нымен бірге, әйел­дердің зей­нет жасын ұзартуды заң жобасында көрсетілгендей 2014 жылдан емес, 2018 жылдан енгізуді ұсынуының аналар үшін маңызы зор. Себебі, Елбасы ұсын­ған мерзімге дейін кей аналардың зей­нет­ақы қорындағы қаржысын молайтуына мүмкіндік беріліп отыр.

Біздің көңілімізден шыққан және бір мәселе - жұмыс берушінің есебінен зей­нет­ақы қорына 5 пайыздық жарна­ның қосы­латындығы. Ер азаматтарға қара­ған­да әйелдер көбінесе аз жалақы тө­ле­­не­тін жұмыстарды атқарады. Осы тұрғыдан алған­да, зейнетақы қорын­­дағы қаржымызға 5 пай­ыз­дық жар­на­ қосылып жатса, мұны аналар үшін жасалған қамқорлықтың бір көрі­нісі деуге болады. Енді жұмыс беру­ші есебінен қосылатын 5 пайыздық жар­наның төленуін қолданысқа енгізу кешеуілдемесе екен.