Елбасы: 12 жылдық білім беруді қамтамасыз ететін 522 мектеп салынады
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - 12 жылдық білім беруді қамтамасыз ететін 522 мектеп салынады. Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты тақырыпта интерактивті дәріс оқу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Орта білім беру жүйесінде біз 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Жаңа білім беру стандарттары әзірленеді. 12 жылдық білім беруді қамтамасыз ету үшін тағы да қосымша 522 мектеп салынады», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Президент орта білім берудің инфрақұрылымы да жасара түсетінін, үш ауысым жойылатынын мәлім етті.
«Бүгінгі күні Зияткерлік мектептердің желілері белсенді дамып келеді. Бұл орта білімнің барлық деңгейіне сатылап енеді. Биыл 35 білім мекемесі Зияткерлік мектеп стандарттары бойынша жұмыс істей бастайды. Орта білімге электрондық жүйе де енгізіледі. 2012 жылы бұл 600 мектепте енеді. Енді ауылдағы және мүмкіндігі шектеулі балалар да электрондық оқу материалдарына қол жеткізе алады», - деді Н. Назарбаев.