Елбасы: 2016 жылдың соңындағы сыртқы экономикалық сапарларым жақсы нәтижелермен аяқталуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдері үшін өткізілген баспасөз брифингінде мәлім етті.

Елбасы: 2016 жылдың соңындағы сыртқы экономикалық сапарларым жақсы нәтижелермен аяқталуда

Екі елдің қарым-қатынасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жақсы болғанына тоқталған Мемлекет басшысы, «Соның арқасында осы жылдарда Оңтүстік Кореядан Қазақстанға 10 млрд долларға жуық тікелей инвестиция келді. Қазіргі кезде елімізде 500 корей-қазақ бірлескен компаниялары жұмыс істеуде. Кешегі кездесулерде байқадыңыздар, осы елдің ең ірі компанияларының басшылығымен кездесулер өтті. Олар дүниежүзінің көптеген елдерінде жұмыс істейтін трансұлттық компаниялар және бізге олар өте қажет. 17 компанияның басшысы сөз сөйледі, олардың барлығы да Қазақстанда жұмыс істеуге ниеті бар. Осы ретте біз бұл қатынастарды пайдалануымыз керек. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея басшылығы, жалпы мемлекет бізді үлкен құрметпен қарсы алды», - деді.

Сонымен қатар Елбасы сапар аясында екіжақты бизнес-форум өткенін, осы орайда 1,5 млрд долларға жуық қаржыға келісімшарт жасалғанын атап өтті. Мұнымен қоса, Президент жасалып жатқан ең үлкен жұмыстың бірі Балқаштағы жылу электр стансасына қатысты екенін еске салды.

«Біз корей компанияларының, соның ішінде LG компаниясының газ-химия кешенінің ірі жобасына атсалысуы жөнінде әңгімелестік», - деді Мемлекет басшысы.

Н. Назарбаев бұл ел Қазақстанға зор қызығушылық танытып, елімізден барған делегацияға айрықша ықылас білдіргенін, сондай-ақ тиісті құжаттарға, Корея үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық мәнін айқындайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойылғанын жеткізді.

«Менің шет елдерге 2016 жылдың соңындағы сыртқы экономикалық сапарларым жақсы нәтижелермен аяқталуда. Біз жаңадан достар тауып, әріптестермен бірге бағытымызды айқындадық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Президент бұл бағыттағы атқарылған келіссөздер  Қазақстан экономикасының дамуына, бүкіл халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсаруына елеулі пайдасын тигізетінін атап өтті.