Елбасы 2020 жылы сайлауға қатысу туралы пікірін білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg News ақпараттық агенттігіне сұхбат бере отырып, 2020 жылы Президент сайлауына қатысу туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы 2020 жылы сайлауға қатысу туралы пікірін білдірді

«Адам неше жыл өмір сүретінін болжау қиын шығар... Мен бұрыннан бері жұмыс істеп келемін және сол үшін мені сынайтындар көп. Бірақ, көп жыл президент болдың ба, аз жыл жұмыс істедің бе, маңыздысы - сенің жұмысыңның тиімділігі. Халқыңа пайдаң тиді ма, жоқ па, сол маңызды. Біздің елдің заңы мен Конституциясына сүйенсек, мен осы президенттік мерзімім аяқталғаннан кейін де сайлауға кандидатурамды ұсына аламын. Бірақ, 2020 жылы не боларын айта алмаймын. Мен үшін маңыздысы - менің физикалық жағдайым, яғни денсаулығым. Екіншіден, еліме пайдамды тигізуім және берген уәдемді орындау. Сондықтан, біріншіден денсаулық, екіншіден халықтың қалауы. Яғни, халық бір адамның басқаруынан шаршаған жоқ па, соны білу», - деді Президент.

Назарбаев 75 жасына қарай сайлауды мерзімінен бұрын өткізуіне не себеп болғанын да атады.

«Жетпіс жасымда бұны (халықтың бір Президентке қатысты ойын - агенттік) қатты ойлап, жетпіс бес жасымда мерзімнен бұрын сайлау өткіздім. Сол кезде халықтың тоқсан пайызынан астамын мені қолдады. Сондықтан, 2020 жылға дейін мен жұмыс істей беремін», - деді Президент.