Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісін №1 басымдық ретінде анықтап берді - Ауыл шаруашылығы министрлігі комитеті төрағасының орынбасары
sp; АСТАНА. Қарашаның 14-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісін №1 басымдық ретінде анықтап берді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желідегі диалогына қатысты өз ойын білдірген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Михаил Трошихин осылай деді.
«Ауыл шаруашылығын дамыту үшін алдағы жылдары жүздеген миллиард теңге бөлінеді. Біз осы жолда айтулы жетістіктерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін», деп мәлім етті М.Трошихин.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығында қазірдің өзінде жақсы жетістіктер бар. «Ағымдағы жылы біз, ылғал үнемдеу технологияларын, сұрыпты тұқымдарды, тыңайтқыштарды, бір сөзбен айтқанда, жаңа технологияларды қолданудың арқасында 23 миллион тонна астық жинадық», деп атап көрсетті ол.
М.Трошихин өз сөзінде атап көрсеткендей, қазір агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық қайта жарақтау үдерісі жүріп жатыр: бордақылау алаңдары, сүт кешендері салынуда, ауыл шаруашылығының экономикасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және біздің экспорттық бағытта ілгерілеуімізге бағытталған өте көп инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «Бізде әлемге сата алатын өнімдер жетерлік: бүгінде біз ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орындамыз, астық экспорттаушы елдердің алғашқы бестігіне кіреміз», дейді ол.
Президентпен тікелей эфирде болған диалогтан алған әсеріне тоқталған М.Трошихин, Елбасының біздің азаматтарымызды көбірек толғандырып отырған барлық дерлік сауалдарға жауап бергенін айтты.