Елбасы «АҚШ - Ислам әлемі» форумына қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Саммитке мәртебелі мейман ретінде шақырылған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жиын барысында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, шағын келіссөздер жүргізді.
Қазақстан Президентін Қос киенің сақшысы, король Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд ыстық ықыласпен күтіп алды. Елбасының бейбітшілік бастамалары, мәмілегерлік миссиялары халықаралық аренада жоғары бағаланатынының белгісі бұл. Мәселен, Сириядағы ахуал шиеленісе бастаған кезден бастап жағдайды бейбіт жолмен шешу керектігін ашық айтқаны соның бір ғана көрінісі. Ресми Астана бейбітшілікті қолдайтын бейтарап ұстанымын байқатып қана қоймай, Сирия мәселелеріне қатысты тартысушы тараптарға келіссөз алаңын ұсынғаны мәлім. Елордада бірнеше мәрте өткен Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырушы маңызды форум ретінде мойындалған. «АҚШ - Ислам әлемі» саммитінде Сириядағы ахуал да сөз болды.
Өзінің сайлау науқаны барысында «ислам бізді жек көреді, осыны нақты айту керек», деп америкалықтарды біраз шулатқан АҚШ президенті Дональд Трамп тұңғыш ресми шетелдік сапарын Таяу Шығысқа жасады. Эр-Рияд қаласында Трамп 50 мұсылман мемлекетінің басшыларымен кездесіп, исламға қатысты түйінді мәлімдеме жасады. «Мұсылмандардың дұшпаны» имиджін жоққа шығаруға ұмтылған Дональд Трамп сөз әуенін өзгертуге тырысты.
Ислам елдерінің көшбасшыларына сөз арнаған кезінде ол «бірігіп, мұсылмандардың жазықсыз қырылуына қарсы шығуға» шақырды. «Бұл діндердің арасындағы қақтығыс, діни ағымдардың арасындағы қақтығыс емес, өркениеттердің арасындағы қақтығыс емес. Бұл - жабайы қылмыскерлерге қарсы соғыс. Бұл - жақсылық пен жамандықтың арасындағы соғыс», - деді Дональд Трамп. Форумға қатысқан жүзден астам ғалымдар мен сарапшылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, тараптардың жағымды нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Олардың айтуынша, барлық қатысушылар терроризм мен экстремизмді жеке діндермен немесе жеке өңірлермен байланыстыруға болмайтындығымен келісті. Сонымен қатар, олар халықаралық лаңкестікпен күресу жолдарын, әлеуметтік желілерде ақпарат тарататын экстремистерге жол бермеу тәсілдерін егжей-тегжейлі талқыға салды.
Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғанымен, халқымыздың көбі ислам дінін ұстанады. Сондықтан «АҚШ - Ислам әлемі» форумына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылды. Әрине, бұл іс-шара Таяу Шығыс өңіріндегі әріптестерімізбен тілдесуге, Қазақстанның ұлттық мүдделеріне тікелей әсер ететін мәселелерді талқылауға, серіктес байланыстарға жаңа серпін беруге тамаша мүмкіндік берді.
Еліміз үшін Таяу Шығыс мемлекеттерінің сауда жағынан да, саяси ынтымақтастық жағынан да маңызы зор. Форум барысында Нұрсұлтан Назарбаев Кувейт, Қатар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Йемен секілді өңірдің ірі және беделді мемлекеттерінің басшыларымен келіссөздер жүргізді. Бұл Елбасымыздың АҚШ президенті Дональд Трамппен тұңғыш кездесуі екенін де арнайы атап өту керек. АҚШ әлемнің ең ірі экономикасы және ең ықпалды саяси күші болып қалып отыр.
Посткеңестік республикалар басшыларының арасында жақында сайланған Америка Құрама Штаттарының президентімен бірінші болып кездескен Президент Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сондай-ақ, бұл кездесудің дер кезінде өткені де айтуға тұрарлық. Қазіргі таңда АҚШ-тың жаңа үкіметі қалыптасу кезеңінен өтіп жатыр, Мемлекеттік департаменттегі бірнеше басшылық лауазымдарға қызметкерлер тағайындалған жоқ, АҚШ сыртқы саясатының жаңа бағыттары мен басымдықтары әлі қарастырылуда. Сондықтан Трамппен кездесіп, Қазақстан үшін мәнді мәселелерді талқылап, оның сыртқы саяси көзқарасына әсер ету өте уақтылы және аса игілікті қадам болды.