Елбасы әлеуметтік бастамаларымен халықтың қалауын дөп басты - Фахриддин Қаратаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен жаңа әлеуметтік бастамаларға орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы әлеуметтік бастамаларымен халықтың қалауын дөп басты - Фахриддин Қаратаев

Депутаттың атап өтуінше, Президенттің бірінші бастамасы әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге арналған. Бұл ретте Елбасы қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын жария етіп, ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7 пайыздан аспайтын, бастапқы жарна 20 пайызға дейін, мерзімі 25 жылға дейін болатындығын деп атап көрсетті.

«Екінші бастама жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға бағытталған. Онда Президент жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынды», - деді ол.

Оның айтуынша, Президенттің үшінші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға арналған.

«Онда Елбасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынды. Жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінеді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр», - деді Фахриддин Қаратаев.

Мәжілісмен төртінші бастама шағын несие беруді көбейту жайында болғанын баса айтты.

«Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру мақсатында 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілгеніне назар аударған Елбасы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды етті. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды», - деді депутат.

Елбасының бесінші бастамасы елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру болғандығын айтты.

«Әсіресе, Астананы газдандыру мәселесін көтеріп, Қызылорда облысынан Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын 1, 1,5 жылда жүзеге асыруды тапсырды. Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігін атап көрсетті. Жалпы бұл бастамалар халықтың көкейіндегі мәселелерді дөп басып отыр. Сондықтан Президенттің бес бастамасына қолдау білдіріп, еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», - деді Фахриддин Қаратаев.