Елбасы әлеуметтік нысандардың салыну құнындағы алшақтықтарға қатысты облыс әкімдеріне ескерту жасады

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада еліміздің өткен 9 айының даму қорытындыларына арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне әлеуметтік нысандар салу барысындағы олардың құнына қатысты ескерту айтты.
None
None

«Өңірлерде бірдей әлеуметтік нысандар, бірдей мектеп құрылыстары әр түрлі бағамен салынады. Бұл қалай? Бұған назар аударған біреуің бар ма? Ақмола облысында 1200 орындық бір мектептің құны екінші бір 900 орындық мектепке қарағанда 219 млн. теңгеге арзан салынды. Айырмашылығы қандай? Бір облыста, бір жерде отырып неге бұлай болады? 900 орындық мектептің құны мен 1200 орындық мектептің құны арасында неге мынадай айырмашылық кетіп отыр?» - деді Елбасы жиын барысында.

Осыған орай, Мемлекет басшысы облыс басшыларының басты назары әлеуметтік нысандар құрылысында болуы керектігін тапсырды. Бұл ретте Елбасы Ақтөбе облысындағы осындай екі нысанның арасындағы 130 млн. теңге айырмашылық болғанын да алға тартты. Ал Атырау облысындағы бірдей типпен салынып жатқан екі емхананың салыну құнындағы айырмашылық жарты миллард теңгеге бір-ақ жеткен. «Мемлекеттің, елдің ақшасының осылай кетіп жатқанын менен басқа ешкім қарамай отырғаны ма, сонда? Міне, қаржы полициясы, есеп комитеті мен барлық бақылаушы органдар осындай олқылықтарды тексерулері керек. Ал мынадан кейін облыстарға қалай ақша бөлеміз? Мен қанша рет типтік мектептер мен ауруханалар салу керектігін айтып келемін. Бұдан бөлек, нысандар мен жер учаскелерін сатып алу барысында да тиісті қадағалаулар жоқ. Мәселен, Ақтөбе облысы Шалқар ауданында 140 орындық құны 75 млн. теңгелік балабақша екі есе артық бағамен мемлекетке сатып алынған. Мұндай мысалдар жетеді. Сондықтан облыс әкімдеріне ескерткім келеді: егер осыны қадағалай алмасаңдар, онда сендер ештеңені де қадағалап отырған жоқсыңдар деген сөз. Сонда немен айналысатындарыңды түсінбеймін?» - деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әсіресе құрылыс саласында жаңа технологиялар арқылы күрделі шығындарды қысқартумен айналысу қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар