Елбасы алға қойған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін халқымыздың татулығы мен бірлігі, ынтымақтастығы керек - Г.Сәрсенбекова

АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасының мазмұнды Жолдауын Алматы қаласындағы 20 мыңға жуық студенті, 3 мың оқытушы-профессорлар құрамы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы ыстық жүрекпен, қажырлы қайрат-жігерімен тыңдап, қабылдады.

Елбасы  алға қойған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін халқымыздың татулығы мен бірлігі, ынтымақтастығы керек - Г.Сәрсенбекова

Бұл жайында Әл-Фараби атындағы ҚаҰУ-дің тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Президент өз сөзінде экономиканы дағдарыстан кейін дамыту міндеттеріне ерекше көңіл бөлді. Осыған сәйкес аталған индустряландыру саясаты әлемдік экономиканың қазіргі даму барысына сәйкес болуы тиіс екенін атап өтті.

Халқымыздың мәдени болмысының әлемдік мәдениетпен біте қайнасып жатқандығының бірден бір себебі - рухани өзегінің мықтылығында. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары еліміздің мәдени-өркениеттік дамуына ұстаным бола алады. Осы тамаша дәстүрлер мұқият сақталынып, ата-бабаларымыздың бізге мұра болып қалды және бүгін тәуелсіз Қазақстанның бейбіт аспаны астында көптеген ұлттар мен этностық топтардың толеранттылық жағдайында өмір сүрулерінің бірегей үлгісі ретінде мойындалып отырғанын да жеткізді.

Сонымен қатар Елбасы Қазақстан халқына арналған Жолдауында білімнің сапасын көтеру, кәсіптік техникалық білім беруді барынша дамыту, ғылымның дамуына баса назар аудару қажеттілігіне тоқталды.

«Ертеңіңді ойласаң - ұрпақ тәрбиеле» деген халық даналығына жүгінсек «Балапан» бағдарламасы ел болашағының бағдарламасы болып отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет мектеп жасына дейінгі балалардың білімі мен тәрбиесі саласында кешенді реформалар жүргізуде.

Президенттің тікелей қолдауымен академик Б.Жұмағұлов басқаратын Қазақстандағы ең ірі жоғары оқу орны - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түбегейлі жаңалану жолында. Университет кәсіби білікті маман даярлауда оқу, білім, ғылым, тәрбие саласында озық технологиялар мен әдістерді ұтымды пайдалана білетін әлемдік деңгейдегі жетекші ЖОО біріне айналып келеді. Бүгінгі заманда тәрбиенің өркениеттілік өлшемі боларлық нақты мәдени негіздері де ғылыми саралануда. Ал құндылықтар адам бойына өнегелі тәрбие арқылы егілмек. Материалдық және рухани құндылықтар бір ғана басым мәдениеттің емес, бүкіл адамзат дамуының мәдени жетістігі болады.

Сондай-ақ Елбасы жолдауында өркениетті ел болуда ұлттық құндылықтарымыз ортақ құндылықтармен бірігіп, болашаққа құлашын кең ашқан ұлт болуымыз керектігін айтады. Өркениеттіліктің кілті деп сапалы білім мен өнегелі тәрбиені атауға болады.

Елбасы қойған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін халқымыздың татулығы мен бірлігі, ынтымақтастығы керек. «Бірлік бар жерде тірлік бар демекші», Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жылында Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерінің толығымен іске асуына жасампаз істерімізбен үлес қосамыз», дейді Г. Сәрсенбекова.