Елбасы арқасында жүзеге асқан саяси оқиғаның бірі - Қазақстан парламентаризм институты - Мәжіліс спикері Н. Нығматулин
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы арқасында жүзеге асқан саяси оқиғаның бірі - Қазақстанда парламентаризм институтын қалыптастыру.
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.
«Енді екі күннен кейін Қазақстанда алғаш рет Тұңғыш Президент күні мерекесі аталып өтіледі. Бұл мереке елім, жерім дейтін әрбір азамат үшін маңызы зор, мағынасы да терең мейрам. Себебі Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың тарихи ерен еңбегі арқасында әлемде жаңа ел - Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылды. Елбасының салиқалы саясатының, даналығы мен іскерлігінің нәтижесінде Қазақстанды бүгін әлем таниды», - деді Мәжіліс спикері.
Сонымен қатар, Н. Нығматулин Елбасының осы жылдар ішінде әлем назарын аударған түбегейлі реформаларды жүзеге асырғанын, үлкен жеңістері арқылы халықаралық саяси және тарихи тұлғаға айналғанын атап өтті.
«Елбасымыз жасаған саяси оқиғаның бірі - Қазақстанда парламентаризм институтын қалыптастыру. Баршаға белгілі біздің кәсіби парламенттің тарихы басталған сонау 90-шы жылдары еліміз үшін ең ауыр, ең жауапты кезең болатын. Осы уақытта Қазақстан Тәуелсіздігін алып, одан әрі дербес мемлекет ретінде дамудың қиын белестерінен өтті. Тек Тұңғыш Президенттің батыл қадамдарының арқасында ғана әлеуметтік-экономикалық саяси бастамаларын сапалы заңмен бекітетін Парламент өз жұмысын бастады», - деді Н. Нығматулин.
Сонымен қатар, спикер 1995 жылы тамызда елімізде жалпыхалықтық референдум өткенін, нәтижесінде Ата заң қабылданғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, тікелей Елбасының басшылығымен әзірленген Конституция Қазақстанның келбетін толықтай өзгерткен, азиялық қасиеттерді, еуропалық дәстүрлерді, батыстың демократиясын біріктірген заңды құжат болып табылады.
«Біздің қос палаталы Парламент осы Конституция негізінде ашық пікірлер мен жария саясаттың биік мінбері ғана емес, мүмкіндігі мол, қуатты, мықты, маңызды мемлекеттік институт ретінде қалыптасты», - деді Н. Нығматулин.