Елбасы әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар табыс етті
«Сіздер жауынгерлік өнегелі үрдісті, бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырып, барлық жеке құрам үшін қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетіп келесіздер. Әскери дайындық деңгейінің артуы, әскердегі және құқық қорғау органдарындағы мінсіз ахуал сіздердің басшылық ету ісін сауатты жүргізулеріңізге байланысты. Күш-қуаттарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті, еліміздің конституциялық құрылымын сақтауға бағытталуға тиіс. Сіздер қоғамдағы ең жауапты миссияны қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын қорғау ісін жүзеге асырып келесіздер», - деді Елбасы.
Сонымен, І дәрежелі «Даңқ» орденімен Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Берік Асылов, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары, Нысандарды қорғау қызметінің бастығы Мұхтар Аюбаев, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов, Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы Құрбан Қаражанов, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Майкеев, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха, Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Дәулет Оспанов марапатталды.
Ал І дәрежелі «Айбын» ордені Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығының бірінші орынбасары Денис Бартеневке, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені ҚР ҰҚК Астана қалалық департаментінің басқарма бастығының орынбасары Іскендір Әуесбаевқа, ҚР ҰҚК Батыс Қазақстан облыстық департаментінің басқарма бастығы Темір Ғиззатовқа, Мемлекеттік күзет қызметінің департамент бастығының орынбасары Евгений Лавренюкке, Қорғаныс министрлігі 30212 әскери бөлімінің командирі Талғат Сапарбаевқа, Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы Талғат Ысмайыловқа, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мемлекеттік күзет қызметінің Нысандарды қорғау қызметі 0112 әскери бөлімінің рәсімдік батольонының бөлім командирі Нариман Ахметуллинге, Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының сержанты Мирбек Рахымбековке табыс етілді.