Елбасы Астана маңында орман отырғызу ісімен айналысып жүрген ғалымдар мен орманшыларға алғысын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана маңында соңғы 17 жылда жайқалып өсіп келе жатқан орманда жануарлардың қарасы қалыңдап келеді. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын аралап шыққаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлім етті.
«Астана маңына жоқ болып кеткен жануарлар қайтадан келіп жатыр. Баяғыда тың жерлерді игереміз деп жердің басым бөлігін жыртып тастағаннан кейін қояндар, еліктер, қырғауылдар жоқ болды. Қазір қайтадан қалпына келіп жатыр. Орманның ішінде жеміс-жидектер де отырғызылуда. Осы жұмыстардың барлығы халықтың игілігі үшін. Бүгінде ресейлік және басқа да елдердің орман саласындағы ғалымдары елорда төңірегіндегі «жасыл белдеуді» керемет құбылысқа бағалауда. Себебі, ен далада осындай алып орманды отырғызу болған емес», - деді Президент.
Н.Назарбаев орман қаланың төңірегінде 70 мың гектарға жеткенін, ал 2020 жылға дейін оны 100 мың гектарға жеткізу мақсат етіп қойылғандығын атап өтті.
Елбасы Астана күні қарсаңында дәстүрлі түрде жыл сайын «жасыл белдеу» ормандарын аралайтындығын айта келе, «Жасыл ел» бағдарламасымен жыл сайын барша Қазақстан жастарына «әрқайсысың ағаш отырғызыңдар» деп ұран тастап келемін. Жалпы, еліміздің барлық жеріне ағаш отырғызуға болады»,- деді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елорда маңында орман отырғызу ісімен айналысып жүрген орманшыларға, ғалымдарға, жұмысшыларға өз алғысын білдірді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, бұл аумақта 2020 жылға дейін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бірінші, орманды алқапта егу жұмыстарын жалғастыру. Екінші бағыт - қала аумағындағы бос жерлерде орман алқаптарын жасау. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында елорданың жасыл белдеуін дамыту үшін рекреациялық аумақтарды жасау көзделген, бұл аталған жұмыстың үшінші бағыты болып табылады. Қазіргі кезде осы аумақты жасауға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Осы орайда 25 гектар аумақты құрайтын алғашқы жобада спорт кешені, балалардың ойын алаңдары, мейрамхана, 320 көлікке арналған автотұрақ құрылысы қарастырылған. Ал 100 гектар құрайтын екінші аумақта ат спорты кешенін орналастыру жоспарлануда. Онда отбасылық демалыс орталығы, аквапарк, 288 орындық балалар лагері, жастар демалыс орталығы болады.