Елбасы Астанадағы Сәулет және қала құрылысы басқармасының халыққа қызмет көрсету сапасын сынға алды
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астананы одан әрі дамыту бойынша өтіп жатқан кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сәулет және қала құрылысы басқармасының халыққа қызмет көрсету сапасын сынға алды.
«Елордадағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жұмыс жақсарды. Былтыр әкімдікпен 200 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Электрондық қызмет те жақсы деңгейде. Дегенмен, қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасымен қызмет көрсетудің 85 пайызы мерзімін бұза отырып жасалған. Соған қоса, бұл басқарма өзінің функциясын «Қалалық сәулет құрылысына» берген. Енді соның салдарынан халық әлгі компанияға төлем жасамай, ешқандай құжат ала алмайтын болыпты. Бұл мәселемен бас сәулетші айналысып, проблеманы шешулері керек», - деді Президент.