Елбасы Астананың 15 жылдығына арнап әзірленген алып мерекелік тортты кесу рәсіміне қатысты

АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Елорданың 15 жылдығы құрметіне арнап әзірленген мерекелік тортты кесу шарасына қатысты.
None
None

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында өткен салтанатты рәсімге сонымен қатар, мектеп олимпиадалары мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, оқу озаттары, елдің барлық өңірінен келген дарынды және талантты өрендер қатысты.

Елорданың 15 жылдығы құрметіне балалар мерекелік концерт әзірлеп, онда еліміздің республикалық, халықаралық байқаулар жеңімпаздары, сондай-ақ Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанның жас бишілер ұжымдары өнер көрсетті.

Іс-шараға қатысушы жас өрендерге арнаған сөзінде Қазақстан Президенті Астананың соларға арнап салынғанын атап өтті.

- Астана небәрі 15 жасқа толды. Бұл қала сендердің қатарластарың деуге болады, сендермен бірге ол өсіп-өркендей береді. Ержеткен соң сендер елордамыздың құрылысын жалғастырасыңдар, ол бұдан да көрікті бола түседі. Қалада жетекші оқу орындары, демалыс орындары орналасқан, айналасында «жасыл белдеу» құрылды. Осының барлығы сендердің бақытты болашақтарың үшін жасалды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңынан Мемлекет басшысы баршаға табыс, бақыт және игілік тіледі.

Мерейтойлық торттың салмағы 600 келіден астам, 4х4 өлшеміндегі төртбұрышты пішінде. Оның жиегіне айналдыра Астананың көрнекті нысандары мен сәулетті орындарының кескініндегі әшекейлер қойылған, ал ортасына биіктігі 1,2 метрлік «Бәйтерек» монументінің мүсіні орнатылған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум