Елбасы атына парламенттік сайлаудағы «Нұр Отан» ХДП-ның жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірген хаттар толассыз келіп жатыр
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының атына еліміздің қарапайым азаматтарынан, түрлі ұжымдардан, ардагерлер мен жастар ұйымдарынан өткен парламенттік сайлаудағы «Нұр Отан» ХДП-ның жеңісімен құттықтап,
ізгі тілектерін білдірген хаттар көптеп келіп түсуде.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қызылорда облысы Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х. Әбенұлы өткен сайлауда Парламент құрамына үш партия өкілдерінің енуі демократиялық құндылықтардың нығайғандығын көрсететінін атап өткен. Осы облыстың тұрғыны, ардагер ұстаз Анар Ізбасарова Қазақстанның жарқын болашақ үшін, ел экономикасының еселеп дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсара түсуі үшін «Нұр Отан» ХДП-сын таңдағанын айтып, Елбасын партияның сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтаған. М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры Ә.Әбдіхалықованың хатында парламенттік сайлауда колледж ұжымының ұлт бірлігінің бекем, тұрақтылықтың тұғырлы, Отанымыздың дамуының қарқынды болуы үшін Елбасы басқарған «Нұр Отан» ХДП»-на бірауыздан дауыс бергендіктерін жазады.
Сонымен қатар, «Павлодар облысының Қазақстан студенттер Альянсы» республикалық студенттер қозғалысы атынан жолдаған хатында Д.Айтышев: «Біздің көбіміз - Тәуелсіздік құрдастарымыз. Сол себептен біз елдің даму тарихын жақсы білеміз. Елбасының саясаты Қазақстанды дамыған елу елдің қатарына қосуға бағытталған. Осындай бастаманың орындалуы, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздей дана саясаткер, көреген Көшбасшының болуымен ғана жүзеге асырылады!», - деп жазады. Павлодар қаласындағы «Әлеуметтік-волонтерлік орталығы» жастар ұйымдары бірлестігінің хатында авторлар «Нұр Отан» ХДП-ның саяси тұғырнамасын қолдап дауыс бергенін атап өтіп, Мемлекет басшысының қызметіне зор табыстар және жаңа жеңістер тілеген.