Елбасы ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Н. Назарбаев ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды.

Елбасы ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды

«2016 жылға қарай ірі қара мал еті экспортының көлемін 60 мың тоннаға жеткізу жүктелген болатын. Бұл жұмыс тиісті деңгейде шешілмей отыр. Осы үшін біз шетелден мал басын көптеп сатып алдық, фермалар, бордақылау алаңдарын құрдық. Ал соған қарамастан биыл ет экспорты бар-жоғы 10 мың тоннаға әрең жетіп отыр», - деді Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, Елбасы ауыл шаруашылығы бағытындағы субсидиялардың да кемшіліктерге толы екенін алға тартты. Президенттің айтуынша, жыл сайын саладағы субсидия мөлшері артып, соңғы бес жылда бес есеге көтерілген. «Ал нәтижесі нешік? Субсидияны тек алдыңғы технологиялар енгізетін шаруалар алсын дегеніміз қайда? Сондықтан да, Үкіметке ауыл шаруашылығы тауарын өнірушілерге арналған субсидиялау тетігін өзгертіп, қайта қарауды тағы да тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.