«Елбасы әз-Наурызды астаналықтармен бірге тойлайды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Елбасы әз-Наурызды астаналықтармен бірге тойлайды» - республикалық басылымдарға шолу

 ***

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Үкіметінің Төрағасы, Ресейдің сайланған Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу кезінде Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыту мәселесі, сондай-ақ Еуразиялық интеграция келешегі талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстан-Ресей: Стратегиялық әріптестер» деген тақырыптағы мақаласында. «Мен сізді Ресей президентін сайлаудағы сенімді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Біздің елдеріміз арасындағы интеграциялық үдерістер қарқынды дамитынына сенемін. Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың нәтижесінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 40 пайызға өсті, жаңа бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Жалпы, біздің елдеріміздің экономикасы өзара тиімді ынтымақтастықтан тек жеңіп отыр», - деді кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірнеше мәселе қаралды. Солардың бастыларының бірі Елбасының тапсырмасымен қолға алынған моноқалаларды дамыту жайы болды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Моноқалаларды дамыту - маңызды мәселе» деген тақырыппен басылды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың атап өтуінше, елімізде 1,5 миллион халық белгілі бір саладағы жеке кәсіпорынның арқасында өмір сүретін шағын қалаларда тұрады екен. Бұл Қазақстандағы қала халқының 16 пайызын құрайды. Бағдарламаға 27 қала іріктелініп алынған. «Моноқалаларды дамыту бағдарламасы негізінен осы қалалардағы шағын және орта бизнесті дамытуға екпін түсіретін болады. Бұл қалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға «Бизнестің жол картасы- 2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының барлық тетіктері пайдаланылмақ. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде қалалардағы кәсіпкерлікті дамытудың қосымша шараларын әзірлеу ұсынылмақ», - деп жазады басылым.

***

«Астаналықтар үшін 22 наурыз күні өтетін «Қазақ елі» монументі алаңындағы Наурыз мейрамының жөні бөлек. Ал бұл думанға бүгіндері қызу дайындық жүріп жатыр. Астана қаласының әкімдігі Ұлыстың ұлы күнінде айрықша қойылым ұсынбақшы. Себебі бұл тойды тамашалауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келеді», - деп жазады «Айқын» газеті. Үстіміздегі жылы Астана қаласы 2012 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Соған орай, «Қазақ елі» монументі алаңында өтетін Наурыз мейрамында түркі халықтарының мәдениетін көрсетуге басымдық беріліп, елді елең еткізер қойылымдар ұсынылмақ. Мәселен, бұл күні түрлі спорттық шаралардың қатарында қошқар көтеруден сайыс өтеді. Шалдар мен кемпірлердің де күресі ұйымдастырылмақ көрінеді. Бұдан бөлек, бұқа тартыс, арқан тарту, асық ату, қазақ күресі, нысана ату, шахмат, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, армрестлинг жарыстары да ұйымдастырылады. Қаланың үздік бүркітшілері қыран құспен қойылым ұсынады. Киокушинкай каратэ федерациясы тәрбиеленушілері де тамаша қойылыммен тәнті етпекші. Мақала «Елбасы әз-Наурызды астаналықтармен бірге тойлайды» деген тақырыппен берілді.

«Айқын» газетінің сәрсенбілік санындағы «Қыз Жібек» қартаймайды» деген тақырыптағы мақаласында Алматыдағы «Меломан Гранд» дүкенінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған «Қыз Жібек» фильмінің DVD нұсқасының тұсаукесері өткендігі жайында жазылған. 1970 жылы Сұлтан Қожықов түсірген «Қыз Жібек» фильмінің контраптипі, яғни түпнұсқаның көшірмесі ғана сақталынып қалыпты. Оның өзіне ұзақ жатқаннан түрлі дақтар пайда болған. 2010 жылы 40 жыл­дығы тұсында «Қазақфильм» қазақ кино­сының інжу-маржанына жаңа «өмір» сыйлауды қолға алып, сандық форматқа көшіріп, қайта өңдеу жұмыстарын бастаған болатын. Яғни мұрағаттық материалдарды түрлі дақтан тазартып, заманға сай соңғы үлгіде өңдеп, телетуындының бояуы мен дыбысын қанық етіп, жоғары сапалы пленкаға көшірген. Фильмнің DVD нұсқасы қазақ және орыс тілдерінде, он мың данамен шығып отыр. Олардың бәрі Қазақстанда, сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінде орналасқан «Меломан» дүкендер желісі арқылы сатылмақ.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, наурызтанушы-этнограф Молдабек Жанболатұлымен арадағы сұхбат «Наурыз мерекесін өткізудің концепциясы айқындалса...» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Наурыз мерекесі - табиғат құдіретін тану, табиғаттың бұлжымайтын, құбылмайтын заңдылығына құрмет және табиғат-анаға деген қазақы махаббатты таныту деп білсек керек. Ендеше оны тойлау да сол тарихи танымдық мәнін жоғалтпаса екен деп ойлаймын. Наурыз мерекесін саясаттандыруға тырыспай тәрбиелік, тәлімдік тағлымдық, көркемдік, ұлттық мән-мағынасына зер салынса. Наурызкөже, шүлен тарату, өзге де қайырымдылық шаралары мейлінше шынайы жүзеге асса берекелі күннің бет-бейнесін қалыптастырған болар едік», - дейді.

***

«Жайық маңының оңтүстік аудандарының бірқатар елді мекендері су басу қаупінен қашып құтыла алар емес», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті «В ожидании «большой воды» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Ағымдағы қыста қалың түскен қар еріссе көл-көсір су басу қаупі бар. Сондықтан да Қазталов және Жаңақала аудандары аумағында төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті 10 жедел топ құрып, күні-түні кезекшілік ұйымдастыруда.