Елбасы бастамасының 25 жылдығына орай халықаралық шара өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына 25 жыл толады.
Осыған қарай «Идеядан - шынайы болмысқа: Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына 25 жыл» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, іс-шараны еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Кітапханасы мен Қоры, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірлесе және Қазақстан Президенті Әкімшілігі, Ресей Президенті Әкімшілігі, Қазақстан, Ресей сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының Әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады.
Конференцияның ресми ашылуына Қазақстан мен Ресей президенттері Әкімшіліктері және Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері, Қазақстан мен Ресей парламенттерінің депутаттары және тағы басқалар қатысады.
«Конференция Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде алғашқы рет жария еткен еуразиялық интеграция мен Еуразиялық одақты құру идеяларының іске асырылуының стратегиялық көрінуі мен бағыттарын пайымдауды ұйғарады. Жалпы, Елбасының пікірінше, интеграцияның мұндай түрі одаққа қатысушы әрбір елдің мемлекеттік мүдделері іске асырылатын және экономикалық ынтымақтастыққа нақты назар аудара отырып, барлық жиынтық әлеуеті пайдаланылатын тең құқылы тәуелсіз мемлекеттер одағы бола алар еді», - деді ол.
Сонымен қатар ресми өкіл 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуының 5 жылдығы мен еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығы аясында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтетіндігін айтты.
«Оған Одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларынан бөлек, құрметті қонақ ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады», - деді Айбек Смадияров.