Елбасы белгілі дирижер Анатолий Молодовтың отбасына көңіл айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі хор дирижері, педагог Анатолий Молодовтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Елбасы Анатолий Молодовтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Ол өмірінің көп жылын мәдениеттің биік мұраттарына қызмет етуге арнады. Оның есімі Қазақстан хор өнерінің қалыптасуы мен дамуының тұтас бір кезеңімен байланысты», - делінген көңіл айту жеделхатында.
Сондай-ақ, жеделхатта А.Молодов отандық дарынды орындаушылардың шоғырын тәрбиелеп шығарғаны айтылған.
Елбасы соңында А.Молодовтың есімі қазақстандықтардың жүрегінде сақталатынын атап өткен.